Дәрігерлер Тараздағы аялдамалардың бірінде болған жол апаты кезінде зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты.
Дәрігерлердің айтуынша, 15 қыркүйекте сағат 07.00 шамасында жедел жәрдем станциясына қоңырау түскен. Мыңбұлақ ықшамауданындағы апаттан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету қажет болған.
Барлығы төрт адам зардап шекті. Оның ішінде 58 жастағы әйелдің қазір жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр. Омыртқасы мен 5 қабырғасы сынып, бас сүйегіне зақым келген.
Екінші зардап шегуші 28 жастағы жігіт. Жарақаты аса ауыр болмағандықтан алғашқы жәрдемнен кейін үйіне жіберілген.
Айта кетейік, бүгін Тараз қаласында сағат таңғы 7-лер шамасында жол-көлік оқиғасы болды. Қатты жылдамдықпен келген көлік аялдамаға шығып, автобусқа кіргелі тұрған адамдарды басып кеткен. Салдарынан 2 жаяу жүргінші оқиға орнында қайтыс болды, 2 адам Тараз қалалық №1 ауруханасына жатқызылған болатын.
Қазір полицейлер Тараз қаласының тұрғыны болып табылатын 23 жастағы жүргізушіні анықтап, ұстады.
Қазір аталған факт бойынша Қылмыстық Кодекстің 345-бабы 4-бөлігі (абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Пікір қалдыру