Алматы. Қамшы порталы - 16 қыркүйек күні Ақтауда 29 шағын ауданда орналасқан №61 «Сұлтан» атты балабақшаның ашылу рәсімі өтті.
Балабақшаның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева, Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмов қатысып, ата-аналар мен бүлдіршіндерді құттықтады.
Бағдарламаға сәйкес жаңа ғимараттың лентасын облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева мен балабақша құрылысын жүргізген мердігер мекеменің басшысы Асқар Керелбаев қиып, қонақтар балабақша ғимаратымен танысып, тәрбиеленушілердің қуыныш тілектерін тыңдап, өнерлерін тамашалады.
Мұнда балалардың тәрбиесі үшін толық жағдай жасалған, балабақша қажетті оқу-әдістемелік құралдарымен жабдықталған. Онда 11 топқа арналған жататын және ойнайтын, жуынатын бөлмелері бар. Сондай-ақ, балабақша өзін-өзі тану, қазақ тілі, информатика, ағылшын және орыс тілдері, бейнелеу және ән-саз кабинетімен, дене шынықтыру және тамақтану бөлмесімен қамтылған. Балабақша 280 орынға есептелген. Онда 3-тен 6 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Балабақша 55 адамды жұмыспен қамтиды.
Сондай-ақ, салтанатты шарада ата-аналар Елбасы, өңір және қала басшыларына өз ризашылықтарын білдіріп, ізгі тілек-ниеттерін айтты.
- «Сұлтан» балабақшасының ашылуы, біздің отбасы үшін қуанышты күн. Себебі, 2 немеремді осы балабақшаның табалдырығын аттап жатыр. Балалар тәрбиесіне әрдайым көңіл бөліп отырған Елбасымыздың кемел саясатының арқасында, заманауи, кең балабақшаның ашылғанына біз өте қуаныштымыз. Өзімнің, тұрғындар атынан қалалық әкімдікке көп-көп рахметімді айтамын,- деді ата-ана Мұңайхан Түлеубайқызы.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдыру