Бүгін 3 қыркүйек күні Ақтау қаласында 33-ші шағын ауданда орналасқан 280 орындық 3 бірдей балабақшаның ашылуы өтті.
Балабақшаны Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев және НКОК компаниясының басқарушы директоры Стефан де Майе салтанатты түрде ашып, лентасын қиды.
Салтанатты шарада облыс әкімі Айдарбаев Алик Серікұлы балабақша ұжымын, балалар мен олардың ата-аналарын әлеуметтік нысанның ашылуымен құттықтады.
- Биылғы жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы. Осындай мерекелер тоғысқан берекелі күз айының алғашқы күнінде NCOC компаниясының қаржысына салынған 3 бірдей «Әлия», «Мәншүк», «Хиуаз» балабақшалары бүлдіршіндерімізге арнап салтанатты түрде есігін ашпақшы.
Елбасының «Балапан» бағдарламасында көрсетілген міндеттерді орындау мақстанда мемлекеттік балабақшалар жүйесі биылдың өзінде 5 бірлікке өсіп отыр.
Бүгінгі ашылғалы отырған 3 балабақшаға қоса, 29 шағынауданнан №61 «Сұлтан» және 12 шағынауданнан №32 «Ақшағала» балабақшалары ашу арқылы жаңадан 1 400 баланы балабақшамен қамтамасыз ететін боламыз.
Сонымен қатар қазіргі таңда бұрын жалға берілген 4 балабақша ғимаратын мемлекетке қайтарып, жобалық-сметалық құжаттарын дайындау үшін 16 млн. теңге қаржы қарастырып отырмыз.
Мектептер жанынан шағын орталықтар ашу және жекеменшік балабақшалар ашу жұмыстары да қаламызда қарқынды жүргізілуде. Осындай жоспарлы жұмыстардың арқасында біз жылдар бойы қалыптасқан балабақша кезегін азайтып, Елбасымыздың 2020 жылға дейін 3 пен 6 жас аралығындағы балаларымызды балабақшамен қамтамасыз ету туралы міндетін толығымен орындаймыз,- облыс әкімі Алик Серікұлы.
Облыс әкімі Алик Айдарбаев NCOC компаниясының басшылығына мемлекеттік бағдарламаны қолдап, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар аясында облыс орталығы Ақтау қаласынан бүлдіршіндерімізге арнап, сәні келіскен балабақша салып бергендері үшін барша облыс тұрғындарының атынан алғысын білдірді.
Қонақтар балабақша ғимаратымен танысып, тәрбиеленушілердің қуыныш тілектерін тыңдап, өнерлерін тамашалады.
Балабақша толығымен қажетті оқу-әдістемелік құралдарымен жабдықталған. Онда 12 топқа арналған жататын және ойнайтын, жуынатын бөлмелері бар. Сондай-ақ, балабақша қазақ тілі, ағылшын тілі, бейнелеу және ән-саз кабинетімен, тамақтану бөлмесімен қамтылған. Балабақша 280 орынға есептелген. Онда 3-тен 6 жасқа дейінгі балалар қабылданады.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдыру