Мүгедектік - бүкіләлемдік қауымдастық үшін медициналық - әлеуметтік проблемалардың бірі. Әлемдік дерекке сүйенсек, бүгінде мүгедектігі бар жандар жер шары адамдарының 10 пайызын құрайды екен. Өкінішке орай, олардың барлығы дерлік қажетті әлеуметтік көмекті алып, қоғамның өміріне толыққанды қатыса алмайды. Мұның себебі әртүрлі топтағы мүгедектер үшін қоршаған ортаның қажетті деңгейде жайлылығын қамтамасыз ете алатындай дамымағанында.
Қазіргі қоғамның міндеті - барлық адамдар үшін, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де қолайлы ортамен қамтамасыз ету жолында қызметтенуге қадамдар жасау.
Барлық әлеуметтік нысандар сияқты, Халыққа қызмет көрсету орталықтары да мүмкіндігі шектеулі адамдардың мемлекеттік қызметтерді алуға келуі үшін ыңғайлы орта жасауда. Олардың кіріп-шығуын оңайлату үшін пандустар орнатылған. Бірінші және екінші топтағы мүгедектер үшін үйден қызмет көрсетуге жағдай жасалған. Бұрын оларға қандай да болмасын мемлекеттік қызмет түрлерін алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына өздері келіп немесе басқа адамға нотариалды куәландырылған сенім хат беруге тура келетін. Бұл әрине көптеген қиыншылықтар туғызатын. Қазіргі уақытта бұл санаттағы азаматтар Бірыңғай байланыс орталығының «1414» нөмірін теру арқылы қажетті қызметке тапсырыс бере алады. Ол үшін кез-келген мобильді телефоннан тегін қоңырау шалу арқылы өзінің байланыс телефондары мен қажетті ақпараттарды қалдыруы жеткілікті. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері сол байланыс нөмірлері арқылы хабарласып, қажетті құжаттарды рәсімдеу үшін тапсырыс берушінің үйлеріне барып қызмет көрсетеді.
Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдыру