Ақбұлақтағы трагедия: Қайтыс болғандар туралы ақпарат белгілі болды

/image/2021/09/21/crop-10_9_436x774_photo_87214.jpeg

Алматы қалалық полиция департаменті басшысының тергеу ісі жөніндегі орынбасары Рустам Әбдірахманов Ақбұлақтағы оқиғаның қалай болғанын баяндап берді.

– Трагедия шамамен сағат 17:00-де болған. Сот орындаушысы мен полицейлер сот үкімін орындауға келген. Сол кезде баспананы босатуға міндетті ер адам үйге кіріп кетті де, заңды түрде тіркелген қарудан сот орындаушысы мен аулада тұрған адамдарға оқ атты. Қайтыс болғандардың ішінде біздің екі қызметкеріміз, сот орындаушы және тағы екі адам бар. Қайтыс болғандардың арасында үйдің жаңа иесі де бар, – деді Рүстем Әбдірахманов.

Әбдірахманов қарулы қақтығысқа қатысты күдікті қылмысы үшін 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін екенін айтты.

– Бұл әрекет екі және одан да көп адамды өлтіру қылмысына жатады. Ондай қылмыс үшін 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Арнайы жасақ күдіктіні ұстады. Біз қару қолданған жоқпыз. Өйткені үйде әйелдер және балалар болған, – деді қалалық полиция департаменті басшысының тергеу ісі жөніндегі орынбасары Рүстем Әбдірахманов.

Сондай-ақ қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов атыс кезінде қайтыс болған бесінші адам туралы ақпарат берді.

– 5-ші адам үйді сатып алған кісінің танысы. Ол куәгер ретінде бірге келген, – деді Таймерденов.

Таймерденов Ақбұлақта атыс кезінде қайтыс болған екі полицей туралы айтты.

– Дархан Сүлеев бізде 2004 жылдан бері жұмыс істеген. Жақында ғана академияны аяқтады. Оның бес баласы қалды. Ал Нұрбол Байғазиев 2014 жылы келді. Оның екі баласы қалды. Балалардың бәрі кәмелеттік жасқа толмаған. Учаскелік инспекторлар Ақбұлақ ауданында жұмыс істеген. Екеуі де жақсы қызмет атқарды. Халық тарапынан талай рет алғыс айтылды, – деді ол.

Қазір Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі (екі және одан көп адамды өлтіру), сондай-ақ, 380-бап (билік өкіліне шабуыл жасау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев пен Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматы қаласындағы атыста қайтыс болғандардың жақындарына көңіл айтты.

Айта кетейік, 20 қыркүйекте кешкі сағат 17:00-де Алматыдағы "Ақбұлақ" шағын ауданында төтенше оқиға болды.  Бірнеше полиция қызметкері, жеке сот орындаушылары және үйдің жаңа иесі борышкерді шығару туралы сот шешімін орындауға келген.

Оқ атқан адамның отбасына тиесілі үй бұрын банкке қарыз болғаны үшін сатылған. Жеке үй сот орындаушысы арқылы үшінші тұлғаға сатылған. Үйдің бұрынғы иесі сот шешімімен келіспей, үйін бергісі келмеген. Сот жаңа үй иесінің жағына шығып, үйге кірмек болған кезде бұрынғы иесі оқ жаудырып 5 адамды атып тастаған. 

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар