Өрісте малы, той-жиында басы қосылған көршілес Ақшымырау, Қызан ауылының тұрғындары үшін берекелі күз мерекелі болып басталды.
Қызан ауылында ашылған дәрігерлік амбулатория көпшіліктің көз қуанышы да, көңіл қуанышы да болды. Аудан бойынша дәрігерлері тұрақты, денсаулық сақтау мекемесі қалыптасқан ауыл болғанымен тұрғындар жаңа заманауи аппараттарға мұқтаж еді. Типтік үлгіде салынған емдеу орны соңғы үлгідегі медициналық құралдармен толық жабдықталған. Физиокабинет, тіс емдеу бөлмесі, балалар бөлімі мен егу кабинеті, он төсектік күндізгі және тәулік бойы жұмыс істейтін амбулаторияда терапевт мен акушер құлаш сермеп қызмет ете алатын жағдай бар. 1982 жылы салынған ескі емдеу орнында көршілес екі ауылдың тұрғындарына қалтқысыз қызмет еткен білікті дәрігерлер Азанбек Құдайбергенов пен Бақтылы Қонысовамен қатар 14 мейірбике жаңа нысанда қызметтерін бастап кеткен.
Сәскеге таман ауыл шетіндегі жаңа ғимараттың алдына жиналған халықтың қуанышында шек болмай, ақ жаулықты аналар шашу шашып, ақсақалдар жағы қол алысып бір-бірін құттықтап жатты.
Ел үшін ақ түйенің қарны жарылған күн болған мерекелі күнде облыс әкімі А.Айдарбаев, облыстық мәслихат хатшысы Б.Жүсіпов, облыстағы басқарма басшылары, аудан әкімі Ж.Айтуаров, бөлім, мекеме басшылары ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісті.
Нысанның ашылу салатанатында сөз алған өңір басшысы жиналған көпшілікті Ата заңымыздың 20 жылдық мерейтойымен құттықтай келіп, арнайы құттықтауын жеткізді.
- Құрметті ауыл ақсақалдары, ақ жаулықты аналар сіздерді бүгінгі қуаныштарыңызбен құттықтаймын! Сіздің ауылда ашылып отырған жаңа емдеу мекемесі соңғы екі жылда Маңғыстау ауылында ашылған 7 амбулаторияның бірі болып отыр. Өткен айларда Жыңғылды, Ұштаған ауылдарының тұрғындарының дәл осындай қуанышымен бөліскен едік. Біз ашылған барлық жаңа нысанның заманауи жабдықтармен қамтылуын қадағалап келеміз, бұл нысанда да барлық қажетті медициналық құрал-жабдықтар бар, сондықтан сіздерге сапалы медициналық қызмет көрсетілетініне сенемін,-деп ақжарма тілегін арнаған А.Серікұлының иығына қазақтың дәстүрімен ауыл ақсақалы Т.Нұрлыбаев шапан жауып құрмет көрсетті.
Жаңа нысанның құрылысын жүргізген «Элмонтқұрылыс» ЖШС директоры С.Тұржанұлы симболикалық кілтті салтанатты түрде амбулаторияның бас дәрігері А.Құдайбергеновке тапсырғаннан соң, облыс әкімі А.Айдарбаев пен жарты ғасырға жуық уақыт ауыл халқының алғысына бөленген дәрігер Б.Қонысова жаңа нысанның лентасын қиды.
Көптен күткен жаңалықтың куәсі болған көпшілік емдеу орнына қаумалай кіріп, облыс басшысымен бірге жаңа нысанның ішін аралап шықты.
Көп тілегінің орындалуына бас болған өңір басшыларына алғыстарын айтқан ауыл тұрғындарымен қоштасып көршілес Ақшымырау ауылына ат басын бұрған ел ағаларын ауыл ажарына көрік қосқан мәдени көпшілік орталықтың алдына жиналған халық қуанышпен қарсы алды.
Алпыс жыл бұрын салынып ауыл тұрғындарын қуантқан шағын клубтың күйі кеткелі қашан. Ауылға мәдениет үйінің керектігі ауыл ақсақалдарының өңір басшыларының алдына көптен қойып жүрген мәселелерінің бірі еді. Мәселе оң шешімін тауып, ауыл территориясынан мұнай өндіріп жатқан «Коммұнай» ЖШС демеушілігімен жаңа мәдениет үйінің салынуын ауыл халқы көп күтті. Көптен күткен қуаныштың өлшемі биік болды ма, бұл ауылдағы халықтың қарасы көп екен. Ауыл орталығынан бой түзеген жаңа ғимараттың алдына қазақтың қос киіз үйі тігіліп, қуанышты еселей түсетін жағымды әуендер ойнатылып, ауыл төрі әнге бөленуде.
Бұған дейін құны 144 млн теңге болатын 50 балаға арналған балабақша сыйға тартқан өндірістік мекеме 156 млн қаржы жұмсап 150 көрерменге шақталған мәдени орталықтың келбетін келістіріп салып беріпті. Кең әрі жайлы нысанда мәдениет қызметкерлерінен басқа ауыл поштасы, кітапхана орналаспақ. Осыған дейін мектептің бір бөлмесін пайдаланып отырған пошташылар мектеп жұмысына кедергі келтіретіні көп жерде айтылатын. Бұл мәселенің де шешімі оңатайлы табылып, зейнеткерлер зейнетақасын алу үшін кең дәлізде кезекке тұратын болды.
Ауыл тұрғындарын қуанышқа бөлеген демеуші компанияның басшысына алғыс білдірген А.Айдарбаев жаңа ғимарат рухани азықтың ордасы болсын деген тілегін арнады. Жаңа нысанның симболикалық кілтін мәдениет мекемесінің директоры Қ.Тындырғановқа табыстаған «Коммұнай» ЖШС директоры В.Дурманов қонақжай көршілеріне әрқашан қол ұшын созатынын жеткізді.
Ауыл тұрғындары атынан сөз алған еңбек ардагері Д.Тілеубай өңір басшысы мен өндіріс орынының басшысына алғыс арнап, әрқашан Бекет атамыз қолдап жүрсін деген тілекпен Атаның Оғыландыдағы мешітінің портретін сыйға тартты. Ауыл жастарының тілегі құрылысы аяқталуға жақын мейрамхана ғимаратын спорт кешені етіп жасақтауға облыс, аудан басшыларының қолдауы екенін жеткізді.
Облыс әкімі және демеуші компания басшысы мен ауыл ақсақалы Қ.Серіков ғимараттың лентасын қиған соң, ауыл халқы еңселі мәдени орынның алғашқы концертін тамашалады.
Маңғыстау ауданы әкімінің аппараты
«Қамшы» сілтейді
Пікір қалдыру