"Пандора құжаттары" деген атауға ие болған журналистік зерттеуде есімі жарияланған саяси фигуралардың кейбірі офшордағы байлықтарына байланысты пікір білдіре бастады.
BBC зерттеу барысында есімі аталған қазіргі және бұрынғы 35 мемлекет басшысының қатарында болған Ресей президенті Владимир Путин мен Иордания королі Абдалла II бен Әл-Хусейн тарапынан жасалған мәлімдемеде, олардың "жаман ештеңе жасамағаны" айтылғанын хабарлады.
Иордания королі сарайы "Абдалла корольдің шетелде жылжымайтын мүлікке иелік етуінде тұрған еш әбестік жоғын" мәлім еткен. Жылыстаған құжаттарда мемлекет басшысы билікке келген 1999 жылдан бері Ұлыбритания мен АҚШ-тағы меншік империясы үшін жасырын түрде 100 миллион доллар жұмсағаны келтірілген.
Ал Кремльдің ресми өкілі Дмитрий Песков Путин мен оған жақын адамдардың жасырын байлығы туралы ақпараттың растығына күмән келтіріп, оны "негізсіз" деп айтқан.
"Қазіргі таңда бұл қандай ақпарат және не туралы екені белгісіз. Біз Путиннің жақын адамдарының ешқандай жасырын байлығын көріп тұрған жоқпыз" деді Дмитрий Песков.
Деректерде Ресей президентінің жақын құрбысы әрі оның ықтималды үшінші қызының анасы делінген Светлана Кривоногих Brockville Development офшор компаниясы арқылы Монакадағы 3,6 миллион еуролық пәтерге иелік ететіні айтылған.
• Чехия премьер-министрі Андрей Бабиш туралы "Францияның оңтүстігіндегі құны 12 миллион фунт тұратын екі вилланы сатып аларда офшорлық инвестициялық компанияны қолданғанын хабарламады" делінген дерек шыққан. Ол мұны өзінің твитінде осы аптаға жоспарланған сайлауға ықпал ету әрекеті деп бағалап, "ешқашан жаман әрі заңсыз әрекет жасамағынын" айтты.
• Өзі және отбасы мүшелерінің 13 офшорлық компаниямен байланысы бары туралы дерек шыққан Кения президенті Ухуру Кеньятта "Пандора құжаттары" зерттеуінің әлем үшін, соның ішінде Кения үшін қаржылық ашықтықты көтеруге үлкен маңызы барын айтып, шетелдік сапардан оралған соң зерттеудегі деректерге байланысты жан-жақты пікір білдіретінін мәлімдеді. Пандора құжаттарында Кеньятта отбасы офшорлық компаниялар арқылы мемлекеттік активтерді ұрлағаны немесе жасырғаны туралы дәлел жоқ.
• Чили президенті Себастьян Пиньер экологиялық аймақтағы мыс-темір кен ошағын бала күнгі досына сатып жібергені туралы ақпарат анықталған. Пиньер кеңсесі оның тау кен жобасын сатқаны немесе сатуға қатысқаны туралы деректі жоққа шығарғанын хабарлаған.
• Әзербайжан президенті, оның отбасы мүшелері мен жақын серіктері Ұлыбританиядағы құны 400 миллион фунт стерлинг болатын құпия келісімдерге қатысы бар болып шығуы мүмкін деген ақпаратқа байланысты пікір білдірмеген.
• Пәкістан премьер-министрі Имран Хан Пандора құжаттарымен байланысы бар азаматтарға қатысты тергеу жүргізуге уәде берді. Жылыстаған құжаттарда Пәкістанның жүздеген азаматтарының аты аталған, арасында министрлер кабинеті мүшелері де бар.
• Украина президенті Владимир Зеленский орынтағына жайғасқанға дейін өзінің көмекшісі Сергей Шерифке офшорлық компаниялардағы үлесін сыйға тартқан. Пандора зерттеуі сол үлестен Зеленский әлі күнге дейін пайда көріп отырған болуы мүмкін екенін көрсеткен. Әшкере болған құжаттарға сай, сыйға тартылған компания Зеленскийдің әйеліне тиесілі компаниямен келісімге келіп, оған дивидент төлеп келеді. Зеленскийдің баспасөз хатшысы Сергей Никифоров "Страна" басылымына мұндай ақпаратқа кейінірек пікір білдірілетінін жеткізіп, "жылдам реакция болмайды" деп жауап берген.
• Зерттеу барысында Ұлыбританияның экс-премьері Тони Блэр салықтан жалтарғаны туралы дерек шыққан. Ол әйелі екеуі Бахрейннің өнеркәсіп және туризм министрінен 8,8 млн долларлық жылжымайтын мүлік акциясын офшор арқылы сатып алу арқылы 400 мың доллар мүлік салығынан жалтарған. Немістің dw.com басылымы Тони Блэр мұндай келісімге еш қатысы жоғын жеткізгенін хабарлаған.
• "Пандора құжаттарында" байлығы туралы ақпарат шыққандардың бірі Сербияның қаржы министрі Синаш Мали. Осыдан алты жыл бұрын Мали Белград мэрі болып тұрғанда сербиялық басылымдар ол Болгарияның Қара теңізі жағалауында 6,1 миллион долларлық 24 пәтерге иелік ететіні туралы ақпарат жариялаған. Белград мэрі ол кезде ақпаратты үзілді кесілді жоққа шығарған. Алайда Пандора құжаттары 24 пәтер Малиге тиесілі екенін, оның жылдық жалақысы 34 мың еуродан аспағанын айғақтап отыр. Синаш Мали осы жолы әзірге зерттеу деректеріне байланысты пікір білдірмеді.
• Аты аталып, бірақ пікір білдірмегендердің қатарында Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейресми әйелі делініп жүрген Әсел Құрманбаева да бар. Құжаттарда ол 30 миллион доллар мен Британдық Виргин аралдарында тіркелген офшорлық компания акцияларының пакетін алғаны туралы дерек жарияланған. Офшордағы бизнестерін ол Назарбаевқа жақын олигархтар Владимиром Ни және Владимиром Киммен бірге басқарған.
Пандора құжаттары – Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының (OCCRP) зерттеуі. Ол әлемдік лидерлер, саясаткерлер мен миллиардерлердің құпия байлығы мен істерін әшкерелейтін 12 миллион құжат пен файлдан тұрады. Деректерге Вашингтонда орналасқан Журналист-зерттеушілердің халықаралық консорциумы қол жеткізген. Жаһандық зерттеу тарихындағы ауқымды зерттеуге әлемнің 117 елінен 600-ден астам журналист қатысқан.
Пікір қалдыру