Ақтөбеде екі жылдан аса уақыт түрмеде отырып, ақталып шыққан топ-менеджер моральдық өтемақы ретінде 90 миллион теңге талап етті, деп хабарлады "Диапазон" басылымы.
2018 жылы компания бөлімшесінің басшысы 16 миллион теңге ұрлады деп айыпталып, сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырған.
Жоғарғы сот қылмыстық істі қарастырып, бірінші сатыдағы сот істі айыптау үкімімен жүргізген, айыпталушының құқығын бұзған деп тауып, істі Ақтөбе облыстық сотының апелляциялық алқасына қайтадан қарауға жіберген. Бұл жолы коллегия мүлдем қарама-қарсы шешім шығарып, сотталушыны оның әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтап шығарған.
Ақталып шыққан Ардақ есімді азамат сот арқылы мемлекеттен материалдық шығын төлеуді талап етті.
Ол үш бала асырап отырғанын, жасамаған қылмыс үшін түрмеге қамалғанын, түрмеде отырған кезінде інісінің жаназасына қатыса алмағанын, адвокатқа 3 жарым миллион теңге жұмсағанын айтып, моральдық өтемақы ретінде 90 миллион теңге талап еткен.
Сот оның талабын ішінара қанағаттандырып, оған моральдық шығын ретінде 20 миллион теңге беру туралы шешім шығарған. Бұл сомаға моральдық шығын, заң бойынша шығындар мен екі жыл бойы алмаған табысы кіреді деп есептелінген.
Пікір қалдыру