Алматыда жылу өтетін жолда болған апат кезінде 60 жастағы әйел адамды құтқарып қалған Республикасының әскерилерге құрмет көрсетілді, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Қазақстан ІІМ Ішкі әскерлері бас қолбасшысының бұйрығымен 5571 әскери бөлімінің әскери жасақ басшылары сержант Данияр Дінасылов пен кіші сержанттар Қанат Қоқыбаев, Мамырбек Маханов, Хамитжан Әлиақбаровтар «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төс белгілерімен марапатталса, сегіз сарбазға басшылық атынан грамоталар тапсырылды. «20 желтоқсан күні Алматыда Райымбек және Наурызбай батыр даңғылдарының қиылысында жылу өтетін құбыр бұзылып, салдарынан жаяу жүргіншілер жолының ортасы ойылып тесілді де іші ыстық суға толып кетті. Дәл сол «қайнаған қазанға» Роза Жетібаева түсіп кеткен. Осы уақытта қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті бақылаушы Ішкі әскерлердің әскерилері келіп, дереу жедел жәрдемді шақырып, әйелді шұңқырдан аман алып шықты. Одан басқа сол оқиға орнында сарбаздар тағы бірнеше зардап шеккен адамдарға жәрдем көрсетті», - деп жазылған баспасөз қызметінің хабарламасында. Салтанатты жиын барысында зардап шеккен әйелдің жұбайы Ерболат Жетібаев әскери міндетін өтеушілерге алғысын білдірді.
Пікір қалдыру