Алматы. Өткен демалыста FISU-дың бас хатшысы Эрик Сэинтронд Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекпен кездесті. Бұл туралы «Қамшы» порталы eurosport-қа сілтеме жасай отырып хабарлайды. Жақында тағайындалған әкіммен алдағы іс-сапарға байланысты жұмыстарды реттеу үшін FISU алдын ала келіссөздер жүргізіп алғанды құп көрсе керек. FISU-дың техникалық делегаттары 12-15 қазан аралығында Алматыда болуды жоспарлап отыр. Алматыда жаңа мұз айдындары салынып, спортшылар қалашығының құрылысы басталғанымен, сноубординг пен шаңғы фристайлына арналған құралдардың әкелінуі әзірге жоспар күйінде тұр.
Қалашыққа қатысты айтатын болсақ, алғашқы пәтерлер жақын арада жабдықталып, ондағы жұмыс жоспарланған мезгілінде, 2016 жылдың 16-маусымында аяқталатынында күмән жоқ. Тағы бір жақсы жаңалық – Универсиада аяқталған соң спортшылар қалашығы Алматыдағы ЖОО-дарына студенттік тұрғын үй ретінде берілетін көрінеді. Идея инициаторлары қалашықтың жеке тұлғаларға сатылмайтынын айтты.
Сол күн барысында, FISU-дың бас хатшысы Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхаммедұлымен, сонымен қатар, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мырзамен кездесті. Олар орталық үкімет тарапының Алматыда қысқы Универсиада өткізуге дайын екенін растады. Екі кездесуде де Саинтронд мырзаның қасында Қазақстандағы NUSF Президенті Қайрат Зәкіриянов пен бас хатшы Раушан Құлахметова болды.
Айта кетейік, Кванджуда өткен FISU Гала фестивалінде профессор Зәкіриянов 2013 жылғы Универсиадада «ең үздік университет» деген атақпен марапатталған болатын.
Назгүл Назар
Пікір қалдыру