Қытайдың жоғары басшылары келесі айдың басында Бейжіңде "тарихи маңызы бар" кездесу өткізеді. "Олар коммунистік партияның соңғы 100 жылдағы жетістіктері туралы қарар қабылдайды" деп күтілуде.
"Саяси бюро 19-шы Қытай орталық комитетінің алтыншы пленарлық мәжілісін 8-11 қараша аралығында өткізу туралы шешім қабылдады" деп хабарлады Синьхуа мемлекеттік ақпарат агенттігі.
Онда басшылық партияның "негізгі жетістіктері мен тарихи тәжірибесі" туралы қарарға кері байланыс іздегенін және ол пленум барысында қаралатынын айтты.
Көшбасшылар партия құрылғаннан бергі 100 жыл ішінде үлкен жетістіктерге қол жеткізгенімен, осы ғасырдың ортасына қарай "ұлттық жаңару" мақсатына жету үшін қырағы болуы керек деген қорытындыға келді.
Қараша кездесуі төраға Си Цзиньпин үшін партияның билігі мен оның көшбасшылық мәртебесі туралы ресми өзгерістерді күшейту жолында маңызды оқиға болмақ. Ал келесі жылы Қытай ұлттық құрылтайы өтеді. Ол он жылда екі рет шақырылады.
Бақылаушылардың пікірінше, бұл шешім – Қытай билік партиясының алдағы бірнеше онжылдықтардағы бағытын анықтай алатын маңызды саяси бұрылысқа айналады.
Бұған дейін Қытай коммунистік билігінің тарихындағы кезеңдерде екі маңызды қарар қабылдаған:
Алғашқы "тарих туралы қаулы" 1945 жылы Мао Цзэдун дәуірінде болды. Мао қарсыластарын әлсіретіп, партия съезінен кейін өзінің көшбасшылығын орнатты.
Екіншісі, 1981 жылы Дэн Сяопиннің басқаруында болды. Ол кезеңде Мао жасаған он жылдық мәдени төңкерісіндегі партияның қателіктері мойындалды және Дэннің "ашық есік және реформа" саясатын қабылдауға негіз қаланды.
Қытайдың шешім қабылдайтын жоғарғы органы Саяси бюро дүйсенбіде Сидің жетістіктерін баса айтты. Оның еңбегі өткен көшбасшылардың табыстарының жалғасы болғанын атап өтті. Қытай қазір экономикасы қарқынды дамыған жаһандық державаға айналғаны айтылды.
Бейжіңдегі Цинхуа университетінің Ұлттық стратегия институтының аға ғылыми қызметкері Сиэ Маосун бұл шешімді "Коммунистік партия өзінің алғашқы 100 жылын қалай көретінін және алдағы 100 жылда қалай жалғасатынын" қорытындылайды деп күтеді.
Осындай тарихи кезеңде Мао мен Дэн Қытай коммунистік партиясының жетістіктерін баяндаған. Си жаңа қарарда партияның табыстары туралы егжей-тегжейлі мәлімдеуі мүмкін.
– Сидің істеп жатқандары – өзінен бұрынғы саясатты жалғастыру. Мысалы, Дэн "Қытай алдымен кейбір адамдарға бай болуға мүмкіндік береді" деген, бірақ ол сонымен бірге "ортақ баюды (дамуды)" басты мақсат ретінде айтқан. Си дәл осылай жасауға тырысады, – деді Сиэ.
Сидің өткен жылдан басталған жаппай репрессиясынан кейін, сарапшылар арасында "Мао кезіндегі мәдени революцияны Си қайталай ма?" деген сауалдар туындаған. 1966-1976 жылдар аралығында Мао коммунистік партияға "адалдығын білдіріп", капитализмге қарсы "мәдени революция" жүргізген. Мамандар сол кезеңде Қытайдың дамуы он жылға кері шегінгенін айтады. Мао өмірден өтіп, 1978 жылы Дэннің жаңа "ашық есік және реформа" саясатынан кейін, "Қытайша ерекшелігі бар социализм" деп аталатын жаңа жүйеге ауысты. Бұл жүйе аты "социализм" болса да, басы бүтін нарықтық экономика бет бұрды. Мамандар осы жүйе Бейжіңнің әлемдегі екінші экономикалық державаға айналуына көмегін тигізгенін айтады.
Нанкин университетінің саясаттанушысы Гу Су жақында жарияланатын қарарда не айтылатыны туралы пікір білдірді. Ол Сидің мәдени революция мен Мао сияқты даулы оқиғаларды бағалауда ерекше ештеңе айтпайтынын мәлімдеді. Сидің репрессиясы Маоның мәдени революциясына ұқсамайтынын жеткізді.
"[Ресми] ешқандай өзгеріс болмайды және ол 1981 жылғы қарарда айтылғандардан асып түспейді. Мәдени революцияның жалпы бағасы өзгермейді (Оны ақтамайды) ... ол тіпті маңызды емес болуы мүмкін" деді Гу.
Оксфорд университетінің қазіргі қытай тарихы мен саясаты бойынша профессоры Рана Миттердің айтуынша, басшылық ұлттың соңғы 100 жылдағы тұрақтылықты көрсететін баяндамасын құруға тырысады. Жоспар келесі ғасырға жасалған.
"Дүрбелең кезеңдер туралы егжей-тегжейлі айтпай-ақ, партияның құрылуынан бүгінгі күнге дейін біртіндеп ілгерілеудің әсерін жасауға тырысуы мүмкін. Оның орнына [тарихи] оқиғаларға көбірек шоғырлануы мүмкін" деді Миттер.
Пікір қалдыру