COVID-19 инфекциясына шалдығып, өкпесінің 62 пайызы зақымдалып ауруханаға түскен 72 жастағы әжей қауіпті инфекцияны жеңіп шықты. Науқасқа дәрігерлер бір айға жуық хаттама бойынша ем көрсетті.
1949 жылғы қала тұрғыны Мырзалиева Шарапат өте ауыр хәлде 14-ші қыркүйек күні қалалық жұқпалы аурулар орталығына келіп түскен. Келген кездегі жағдайы бойынша қандағы оттегі мөлшері, яғни сатурациясы 50-ден төмен болған. Дәрігерлер науқасты жасанды тыныс алу аппаратына қосып, шұғыл емдік шараларын жүргізген.
Қарт кісінің артериялық қан қысымы және асқазан мен бауырда қосалқы аурулары бар. Компьютерлік томография тексеру нәтижесінде науқастың өкпесі 62 пайыз зақымдалғаны анықталған.
«Түскен кезде жағдайы өте ауыр болды. Сатурациясы не бәрі 50-ді құрады. Одан бөлек қосымша аурулары бар еді. Науқасқа хаттама бойынша толық ем көрсетілді. Қазіргі жағдайы жақсы. Өздігінен дем алуда. Қандағы оттегі мөлшері орнына келді. Апа толық емделіп үйіне оралды»,-дейді Бекен Сырбекұлы.
Команда болып бірлесіп жұмыс атқарған медицина мамандарының емінің нәтижесінде әжей қауіпті инфекциядан толығымен сауығып шықты. Жағдайы жақсарған науқасты дәрігерлер ауруханадан үйіне шығарды.
Пікір қалдыру