Ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, академик Серік Қирабаев өмірден өтті. Қаралы хабарды ақын Серікзат Дүйсенғазы жеткізді.
"Көрнекті әдебиеттанушы ғалым, сыншы, академик Серік Қирабаев ағайымыз дүниеден озды. Алла алдынан жарылқасын!" делінген ақынның әлеуметтік желідегі жазбасында.
Серік Смайылұлы Қирабаев 1927 жылы 23 наурызда Қарағанды облысы, Жаңарқа ауданы, Атасу ауылында туған.
1952–1955 жылдары "Пионер" журналында редактор, 1955–1958 жылдары "Социалистік Қазақстан" газетінде меңгеруші, редакциялық алқа мүшесі болды. 1958 жылдан Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында 30 жыл бойы доцент, профессор, филология факультетінің деканы, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, институт ректорының оқу ісін басқаратын орынбасары қызметтерін атқарды.
Қазақ КСР Ғылым академиясының Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, кейіннен бөлім меңгерушісі болып істеді. Филология ғылымының докторы, профессор, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР ҰҒА-ның академигі, Қазақстан және Қырғызстан республикалары ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері.
Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы ордендерімен, көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері", "Отан" орденінің иегері.
1951 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітіргеннен кейін аспирантурада оқи жүріп, Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы, "Әдебиет және искусство" журналының бөлім меңгерушісі болып істеген.
Пікір қалдыру