Нұр-Сұлтанда борышкер төленбеген айыппұлы үшін көлігін алуға келген жеке сот орындаушысына балтамен шабуыл жасады. Бұл туралы жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасы хабарлады.
Елорданың жеке сот орындаушысы өзіне Н есімді борышкердің атқарушылық құжаттарды орындау барысында шабуыл жасап, өміріне қауіп-қатер төндіргенін айтып, оны жауапкершілікке тарту үшін полиция басқармасына шағым түсірген.
Оқиға 26 қазан күні сағат 8.45-те болған. Ұйымның мәліметінше, ер адам банкке 196 545 теңге және 358 728 теңге көлеміндегі 17 әкімшілік айыппұлды төлемеген. Жеке сот орындаушылар палатасы борышкерге қамауға алу және шектеу шаралары көмектеспегенін, сондықтан ВАЗ-2115 автокөлігін тәркілеу туралы шешім қабылданғанын айтқан.
Ал көліктің қожайыны көлікті өз еркімен беруден бас тартып, қолына темір балта алып, сот орындаушысы мен полиция қызметкерлеріне шабуыл жасаған. Оқиға видеоға түсіп қалған.
– Осы кезде полиция қызметкерлері бұрыш шашатын балонды пайдаланып, оны залалсыздандырды, қауіпті тұлға полиция бөлімшесіне жеткізілді, – деді жеке сот орындаушылар өңірлік палатасы басшысының орынбасары Мәдина Жанасаева.
Бұған дейін 20 қыркүйек күні Алматының Алатау ауданындағы "Ақбұлақ" ықшам ауданында жеке сот орындаушысы өз міндетін атқару кезінде 54 жастағы ер адамның қолынан қаза тапқан. Қақтығыс кезінде тағы 4 адам мерт болған. Аталған оқиғадан кейін "Кісі өлтіру" және "Билік өкіліне шабуыл жасау" деген екі бап бойынша тергеу басталған.
Ал 4 қазан күні Алматыда жеке сот орындаушысы Әділ Ермеков өз міндетін атқару кезінде бауыр тұсынан ауыр соққы алған. Борышкер Мақсот Ысқақов өз кезегінде полицияға жеке сот орындаушысы мен оның көмекшілерінің әрекеттеріне арыз жазып, өзін кінәлі деп санамайтынын мәлімдеген болатын.
Пікір қалдыру