Қоғам да табиғат сияқты, бәрі өзара тығыз байланыста екендігі анық. Ұлттық тарих жалпы тарихпен байланысты жазылады. Қай тарихтың да қайнар көзі ұрпақтар жалғастығының куәсі – көне мұраларымызда екендігі сөзсіз. Осындай көне жазбаларымыз – әлемдік тарихтың біртұтас бөлшегі ғана емес, шыққан тегіміз бен тіліміздің түп төркінін айқындаушы, рухани қазығымыздың қайнар көздері. Сондықтан да әлі де болса алыс, жақын шетел мұрағаттары мен еліміздегі көне жазбаларымыздың сырын ашу, оны зерттеу, елімізге қатысты құжаттарды түгендеу, табу, қайтару бүгінгі күннің негізгі талаптарының бірі болып саналады. Осындай қажырлы еңбек пен табандылықты қажет ететін ғылымының бұл саласындағы алдыңғы қатарлы нағыз ғалымдарымыздың бірі – Александр Николаевич Гаркавецтің алар орны тым бөлек. Мұндай құнды жәдігерлер халықтың рухани тұрғыда жаңғырып, санасының оянуына түрткі болатынын түсінетін, еліміздің ғылымына өзіндік үлес қосуға барынша ат салысып жүрген А.Н. Гаркавецтің тіл тарихына және түркітану ғылымының дамуына қосқан үлесі орасан.
Александр Николаевич Гаркавец – украин текті кеңестік және қазақстандық түркітанушы ғалым. Харьков университетін бітірген, «Түркі тілдері» мамандығы бойынша филология ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері. 1988 жылдан бері Алматы қаласында тұрады. Украинаның еңбек сіңірген журналисі және белді қоғам қайраткері болып табылады. Ғалым ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізген Қазақстандағы түркітанудың дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген ғалым. Александр Николаевич, негізінен түркітану, тіл теориясы, тілдердің өзара әрекеттесуі бойынша зерттеулер жасаған, Еуразия тарихы бойынша 28 кітап және 160-тан астам ғылыми мақалалар мен ұжымдық монографиялар жариялаған.
Жақында Түркия Республикасы мемлекеттік деңгейде түрік тілі күні мен 1932 жылы Кемал Ататүрік негізін қалаған Түрік лингвистикалық қоғамының (Türk Dil Kurumu) құрылғанына 79 жыл толуын атап өткен болатын. Осы мереке аясында дәстүр бойынша түрік тілі мен басқа түркі тілдес халықтары тілдерінің дамуына елеулі үлес қосушы ғалымдар, көрнекті өнер, әдебиет қайраткерлеріне ерекше құрмет көрсетіледі. Сондай ерекше құрметтердің біріне Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, көрнекті түркітанушы, көптеген отандық және халықаралық сыйлықтардың лауреаты, ғалым Александр Николаевич Гаркавец ие болды.
2017 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Гүлбану Қосымова Сейілбекқызы «Түрік тіліне қызметі үшін» атты марапатты Түркия Республикасының президенті Режеп Тайып Ердоғанның қолынан алған еді. 2021 жылы «Түрік тіліне қызметі үшін» атты марапатты Гүлбану Қосымова Сейілбекқызы Александр Николаевич Гаркавецке Türk Dil Kurumu президенті, ф.ғ.докторы, профессор Гүрер Гүлсевинің басқаруымен жүргізілген жиында онлайн режимде өз қолымен табыстады. Жиынның ашылуынан соң, Türk Dil Kurumu президенті, ф.ғ.докторы, профессор Гүрер Гүлсевин А. Н. Гаркавецтің ірі лингвистикалық және тарихи зерттеулері мен іргелі сөздіктері туралы және оның еврей, грек, армян, латын алфавиттері, кириллица және түркі руникалық, қырым татарларының, түркі тілдес гректер-урумдардың, қарайттар мен қазақтардың бірегей диалектілік материалы мен фольклоры, сондай-ақ Қырым татар тілі мен әдебиеті бойынша оқулықтар мен қазақ тілі бойынша аудио құралдар бойынша 130-дан астам қыпшақ жазба ескерткіштері туралы ғылыми жарияланымдары туралы барынша жан-жақты баяндай отырып, түркі халықтарының тарихын терең зерттеулері арқылы көрсетіп жүргені үшін, тың жаңалықтармен бөлісіп, түркі әлемінің ғылымына орасан зор үлесін қосып жүргеніне ерекше алғысын білдірді.
Онлайн режимдегі кездесуде Александр Николаевич Гаркавецтің кеңесін алған, тәжірибе жинаған, ғалыммен бірлесе жұмыс жасаған, қызындай болып кеткен профессор Хүлиә Чеңел-Қасапоғлұ ғалым туралы қазақ тілінде жүрек жарды жылы лебізі мен пікірін білдірді.
Марапаттау рәсімі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ұйымдастырылды. Жиында сөз алған институттың директоры Анар Фазылжан Мұратқызы, Александр Николаевич Гаркавецті беделді марапатпен құттықтай отырып, ұжым атынан зор денсаулық тілей отырып, қазақ тіл білімі мен әлемдік түркітану ғылымын зерттеу жолында жаңа шығармашылық табыстар тіледі.
Александр Николаевич ғылым әлемінде бағаланатын, танымал, үлкен құрметке ие тұлға. Жоғары кәсібилік, ойлау ерекшелігі, зерделілігі айналасындағылардың жанашырлығын оятпауы мүмкін емес. Ол шығармашылық күш пен жігерге толы, қазақ халқының тарихи мұрасын зерттеудің концептуалды негіздерін жаңарту мен жетілдіру үдерісіне орасан зор үлес қосуда. Кемеңгер ғалымның тамаша қасиеттері оны әріптестері мен жұртшылық арасында құрмет пен беделге ие болды. Александр Николаевич үлкен ғылыми жетістіктермен, еліміздің ғылымы мен білімінің игілігі үшін жасампаз еңбегін жалғастырып келе жатқан, өзіндік орны мен өзіндік пікірі бар, түркітану ғылымына әлі де тың жаңалықтар әкелер нағыз ғалымдарымыздың бірі әрі бірегейі.
Б.Б. Ешметова
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл Білімі иснтитуты
Пікір қалдыру