«Шаңырақ» жеңілдетілген несиелік бағдарламасы бойынша Шымкент қаласында азаматтарды қоныстандыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде аталған бағыт бойынша Тұран шағынауданында орналасқан алғашқы 5 тұрғын үйдің (№ 49А, 50А, 52А, 53А, 54А) инфрақұрылымдық коммуналдық қызметтері іске қосылып, пәтер иелеріне пәтер кілттері табысталған болатын.
Жеңілдетілген несиелік бағдарлама бойынша баспаналы болғандардың қатарында Жадыра Ержігітова да бар. Жадыра Ержігітова үш баланың анасы толық емес отбасы ретінде осыдан 5 жылдай уақыт бұрын тұрғын үй кезегіне тіркелген. Бүгінде несиелік баспанаға қол жеткізген жалғыз басты ананың қуанышында шек жоқ. Себебі бұрын пәтер жалдап тұрса, енді оның өз шаңырағы бар.
– «Шаңырақ бағдарламасына қатысып, баспаналы болдым. Бұрын пәтер жағалап жүруші едім, енді 3 бөлмелі үйлі болып жатырмын. Қазір мемлекет тарапынан баспанаға мұқтаж азаматтарға барынша қолдау көрсетілуде. Ай сайынғы пәтерақыдан құтылдым. Енді өз пәтерім үшін жұмыс істеймін, – дейді қала тұрғыны Жадыра Ержігітова.
Шымкент қаласының құрылыс басқармасының тұрғын үй құрылысы бөлімінің басшысы Шухратжан Мухтаров азаматтарды қоныстандыру жұмыстарын жүргізу барысында жаңа қоныс иелерімен кездесіп, тұрғын үйлер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқандығын айтты.
– «Қазіргі таңда «Шаңырақ» бағдарламасымен салынған 1728 пәтер бойынша абаттандыру, жылу сынды инфрақұрылымдық инженерлік коммуналдық жүйелерді іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Аталған бағыт бойынша 2021 жылдың қараша айының басында инфрақұрылымдық коммуналдық қызметтері қосылған тағы 7 тұрғын үйге (6, 8 , 10 ,12, 14, 16, 18) азаматтар қоныстандырылатын болады. Қалған тұрғын үйлер бойынша абаттандыру және сыртқы инженерлік жүйелердің қосылу жұмыстары мердігер мекемелер тарапынан жүргізілуіне байланысты азаматтардың пәтерлеріне қоныстану мүмкіншілігі рет - ретімен жүзеге асыру жоспарланған. Тұрғын үйлерге қатысты орын алған кемшіліктер немесе қандай да бір жағдайлар туындаған жағдайда біз ол мәселелерді мердігер мекемелермен бірге шешуге әрдайым дайынбыз», – деді Шухратжан Мухтаров.
Айта кету керек, «Шаңырақ 5-10-20» бағыты бойынша жыл соңына дейін 1728 азамат баспаналы болады. Бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде әр азаматқа 1 миллион теңгеге дейін берілетін тұрғын үй сертификаттарына жалпы 500,0 млн теңге қарастырылған.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы
Пікір қалдыру