Цирк өнерінің саңлағы «Сырлы өнердің сырласы» деп аталатын кеш өткізді

/uploads/thumbnail/20170708195210751_small.JPG

28-қыркүйек күні Қазақ мемлекеттік филармониясында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Нұр Отан» партиясы және партия хатшысы Қайрат Сатыбалдыұлының тікелей қолдауымен Жәмәли Диханұлының «Сырлы өнердің сырласы» атты өнер кеші өткен болатын. Кештің сәнін кіргізуге кино және цирк әртісі, өнер зерттеушісі, Қазақстан (КИнЭС) рекордына 2 рет енген мерекелік шара иесінің өзімен бірге, елімізге еңбегі сіңген біршама өнер қайраткерлері де барынша атсалысты. Дегенмен, жиналған көпшілік Жәмәли мырзаның 18 пышақты баспалдақтың үстімен жүріп өту, аузымен от бүркеу, қалана тұрғызылған кірпіштерді сындыру, ауыр гір тасын қолмен көтеріп тұрып, тісімен бір адамның салмағын еңсеру, кеудесіне найза қадау іспетті нөмірлерін тағы бір сүйсіне тамашалауға келген болатын. Тарихи оқиғаға арналған керемет шоу-концерттің соңы ізгі тілектер мен фотосессияға ұласты.

Жәмәли Диханұлының өмірбаянына азды-кем тоқтала кетсек: Тарбағатай аймағына қарасты Дөрбілжін ауданындағы Күрті ауылында 1971 жылы дүниеге келген. Ол 1988-1990 жж. арасында Шаң-Жаң университетінің Қытай тілі аударма бөлімінде білім алады. 1991 жылы ол СУАР педагогикалық университетінің дене шынықтыру факультетіне түседі. 1995 жылы тәмамдаған бұл білімін толықтыру мақсатында Жәмәли Диханұлы сол жылы Шаңхай, Шан-Шй қаласындағы Шығыс жекпе-жек және цирк өнеріне түседі. Оқуын аяқтаған 1999 жылдан-ақ, ҚХР, СУАР, циркшілер қауымдастығының мүшесіне айналады. 2000 жылы Тарихи Отанына түпкілікті қоныс аударып, өнер, спорт саласында күні бүгінге дейін көрнекті нәтижелерге қол жеткізіп келеді. 2004 жылдан бері «Нұр Отан» партиясының мүшесі. 2009 жылы «Қаражорға» бірлестігін құрып, зерттеумен айналысып, 15 мың адамға бір мезетте «Қаражорғаны» билетіп, Қазақстан (КИнЭС) рекордтар кітабына енгізілді. Кейіннен, 2010 жылы «Қаражорға» биін Қазақстан Ұлттық спорт федерациясының қатарына тіркетті. 2014 жылы Ержәнібек Батырдың 300 жылдық асында 300 пышақ жүзінен сәтті жүріп өтіп, өзі орнатқан рекордты жаңалаған болатын.

Назгүл Назар

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар