29 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласы Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназияда қоғам қайраткері, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаз Ербол Ісләмұлы атындағы қазақ тілі кабинеті ашылды.
Ербол қазақ тілі кабинеті мектептегі Абай кітапханасы, Алаш тарих кабинеті, Мұхтар мәжіліс залы, Мағжан дәрісханасы, Шоқыр спорт залы, Қайым мұражайынан кейінгі тұлға атымен аталатын кезекті кабинет. Аталған кабинеттердің бәрі «Ұрпақтар сабақтастығы» аталатын үлкен жобаның құрамдас бөлігі. Абай-Алаш-Мұхтар-Қайым-Ербол тізбегі – буындар жалғастығымен үзілмей келе жатқан ұлттық идеяның, алаш рухының сабақтастығын айқындайды. Мектеп өз миссиясына «ұлттық тәрбие, төл таным, қазақы құндылық» ұстанымын ұстын ете отырып, алаш зиялыларынан қалған асыл мұраны жаңғыртуды көздейді. Мағжан, Жүсіпбектерден жеткен ұлттық педагогиканы тұғыр ретінде ұстанады.
Ербол Ісләмұлы – саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаз. Ол сондай-ақ астанадағы оқу ісін ұйымдастыруда да елеулі үлес қосқан қайраткер. Атап айтқанда, Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп, әл-Фараби атындағы оқушылар сарайы, Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназия қатарлы оқу орындары мен арнаулы мекемелерде басшылық қызмет атқарып, осы мекемелердің қазіргі аталып отырған тұлғаларының есімін алуына тікелей ықпал етті. Бала тәрбиесінің бағбаны 2021 жылы соңғы жұмыс орны №90 гимназияны басқарып тұрған мезгілде дүниеден қайтты.
Шараға Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшылары, астанадағы орта оқу орындарының директорлары және ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, Е. Іргебайдың жары Қымбат Мұқанқызы мен өзге де туған-туыстары қатысты.
Ашылу рәсімінде Е. Іргебай өмірі мен өнегесін арқау еткен деректі фильм көрсетілді.
Пікір қалдыру