"Жалақы 350-400 мың теңге". Аймағамбетов мұғалімдердің жалақысына қатысты мәлімдеме жасады

/image/2021/11/16/crop-229_23_1045x1394_askhat.jpg

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов үкімет отырысында биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап оқытушылардың жалақысы орташа алғанда екі есеге жуық көтерілгенін айтып, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы артатынын мәлімдеді.

– Білім сапасы бірінші кезекте оқытушылардың кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Сондықтан әріптестеріміз үшін қолайлы жағдай жасау – біздің басты назарымызда. Биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап біздің оқытушылардың жалақысы орташа алғанда 2 есеге жуық көтерілді. Оқытушыларға 1 ставкаға минималды түрде – 200 мың теңге, ғылым кандидаттарына – 260 мың теңге, ғылым докторларына – 350 мың теңге, ұлттық университтер – 400 мың теңгеге дейін төлеу бойынша шешім қабылданды, – деді ол.

Сонымен қатар министр студенттердің стипендиясы да екі есеге жуық өсіп, 2025 жылға қарай тағы да екі есеге, ал магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 1,5 есе артатынын атап өтті.

– Университеттерді қанша талапкер таңдаса, сол мөлшерде ғана мемлекет тарапынан грант, яғни қаражат алады. Біздің мемлекеттік жоғары оқу орындары жөндеу жұмыстарын жүргізуге, жалақыға, материалдық базасын жаңартуға бюджеттен тікелей қаржы алмайды. Олар жекеменшік университтер сияқты тек студенттердің таңдауына сәйкес жан басына шағып қаржыландырылады. Сапаны қамтамасыз ету үшін басқару жүйесін тиімділігі өте  маңызды. Ең ірі 28 мемлекеттік оқу орны коммерциялық емес акционерлік қоғам ретінде қайта құрылып, корпоративті басқару жүйесіне көшті. Осылайша бұл оқу орындарында былтырдан бастан басты шешімдерді директорлар кеңесі қабылдайды. Ал ректор сол қабылданған шешімдерді іске асыруды қамтамасыз етеді, – деп айтты Аймағамбетов.

Аймағамбетовтың айтуынша, ректорларды тағайындаудың жаңа жүйесі енгізілген. Осы конкурстық жүйе арқылы екі жылда ректорлар корпусының 50 пайыздан астамы жаңартылды.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар