ҚР Үкіметінің бүгінгі отырысында еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов хабарлама жасап, атмосфералық ауасы ластанған он қаланы атап өтті. Селекторлық режимде өткен Үкімет отырысына Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысты.
Қалалар экологиясын жақсартуда «Жасыл қала» Ұлттық жоспары шеңберінде ірі өндіріс орындарының ауа ластау деңгейін төмендету, елді мекендерге табиғи газ тарту, шаруашылық субъектілерді газға көшіру, қоғамдық көліктерді сұйық газға көшіру жұмыстары атқарылуда.
Заңсыз қоқыс орындарын жою міндеті бойынша биыл Шымкент қаласында 47 орын анықталып, бей-берекет қоқыс орындарын жою жұмыстары 100%-ға орындалған. Бұл көрсеткіш жөнінен қаламыз республикада алдыңғы қатарда.
«Ақтас-1» елді мекеніндегі полигон жанынан қатты тұрмыстық қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату кәсіпорны ашылмақ. «Тассай-2» елді мекеніндегі каръер орнын қалпына келтіру жұмыстары басталды.
Бұрыңғы құрылыс қалдықтары полигонының орнына аумағы 4,48 га. болатын жаңа саябақ салынды. «Жасыл белдеу» қалыптастыруда биыл 155 мыңнан астам ағаш егілді. Жан басына шаққанда жасыл желек қорын стандартқа сәйкестендіруде 2025 жылға дейін жаңадан 23 гүлзар ашылады. Қаланың көгал аумағы 30,25 гектарға артады.
Қаланың гидрожүйелерін дамыту шеңберінде Жол картасы әзірленіп, жүзеге асырылуда. Ауаның ластану деңгейін бақылауда «Қазгидромет» ұйымының 6 станциясы орнатылған. Экологиялық мониторинг жүйесін жетілдіруде биыл 10 ауаны автоматты бақылау станциялары орнатылады.
Қала әкімі мәжіліс қорытындысымен қаланың экологиялық ахуалын жақсарту, өндіріс, құрылыс қалдықтарын жою, жасыл желек қорын ұлғайту, тазалық сақтауда қоғамдық сананы өзгерту бағыттары бойынша сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуын қатаң бақылауда ұстайтынын ескертті.
Пікір қалдыру