Шымкенттегі емханалар мен мектептерде Pfizer вакцинасы салынуда

/image/2021/11/16/crop-28_46_691x1228_whatsapp-image-2021-11-16-at-17.06.52.jpeg

Үшінші мегаполиске COVID-19-ға қарсы америкалық Comirnaty Pfizer екпесінің 46 800 дана мөлшеріндегі алғашқы партиясы жеткізілген. Бүгінде қаладағы емханалар мен мектептерде орналасқан егу пунктерінде жасөпірімдер мен жүкті және емізулі аналарға епке егу жұмыстары жүріп жатыр. Қалалық №13 емханада ерікті түрде вакцина алуға ниет білдіргендер алғашқы компонентін салдырды.

Емхана бас дәрігерінің орынбасары Наталья Камалова алғашқы күні I компонентті 12 оқушыға салғанын мәлімдеді. Ал бүгін емханаға жүкті және емізулі баласы бар аналар екпе алуға келген.

– Бүгінде 520 жүкті әйел тіркелген. Былтыр балалар мен жүкті әйелдердің де ауырғандар болды. Бірақ ол кезде өкінішке қарай аурудың алдын алатын вакцина болмады. Қазір түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүрміз. Ерікті түрде вакцинаның бірінші компонентін салдыруға келгендер бар. Алғашқы күні 12 мен 17 жас арасындағы он екі оқушыға вакцина салынды. Яғни, бір дозасы 6 оқушыға жетеді. Барлық талаптар сақталған, – дейді Н.Алексеевна.

Қала тұрғыны Карина Раймқұлова 5 айлық сәбиімен келіп вакцинаның алғашқы компонентін салдырды. 25 жастағы ана бұл қадамға өз еркімен барғанын айтады.

– Қаламызға Pfizer вакцинасын келгенін күттім. Жүкті кезімнен бастап осы екпені аламын деген ой болды. Өйткені жолдасымыз екеуіміз 4 ай бұрын жұқпалы індетті жұқтырып, ауырып жазылдық. Ол екпе салдырған соң жеңіл өткерді. Маған қиын болды. Жазылып шыққан соң екпе салдыру керегін түсіндім. Қазір дәрігер бақылауындамын. Кері әсері байқалмайды. Көңіл-күйім жақсы, – деді ол.

Айта кетейік, қаладағы мектептерде вакцинациялау жұмыстарын жүргізу үшін 140 егу бекеті ұйымдастырылған. Мұнда профилактикалық жұмыстарды жүргізу үшін барлық жағдай жасалған. Екпе егетін медицина мамандары арнайы оқытудан өтіп, біліктілігін арттырған. Екпе тұрғындарға қаланың медициналық ұйымдарында, ал жасөспірімдерге білім беру ұйымдарында ата-анасының немесе оның заңды өкілдерінің ерікті келісімінен кейін салынады. Жүкті әйелдерді, бала емізетін аналарды және балаларды вакцинациялау аумақтық емханаларда жүргізілетін болады.

Азамат ЖАППАР

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар