Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ку Хонг-Сокпен кездесті.
Мәртебелі мейман Қазақстан мен Корея арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас экономикалық, гуманитарлық салалардағы әріптестік байланыстармен жемісті жалғасын тапқандығын мәлімдеді.
Елші республикадағы үшінші қала мәртебесін иеленген Шымкент қаласына тұңғыш мәрте келгендігін жеткізіп, бұл жұмыс сапары аясында қаламызбен жақынырақ танысуды мақсат тұтқанын атап өтті.
Қала басшысы Корея мемлекетінің дипломатиялық қызмет жетекшісінің шуақты Шымқаламызға жасаған жұмыс сапарына сәттілік тілей отырып, қаламыздың еліміздегі алар орнын, оның бүгінгі экономикалық әлеуетін кеңінен таныстырды.
«Шымкент – Қазақстанның оңтүстігіндегі ірі өндірістік, сауда, мәдени және ғылым мен білім орталығы. Қаламыздың түрлі экономикалық секторларында инвестиция тарту мүмкіндігі қарастырылған. Үш индустриалды аймақта өндіріс орындары шоғырланып, арнайы экономикалық аймақ, сауда-логистикалық орталығы түзілді. Бұл аумақтар бизнес салымдар үшін тиімді алаң ретінде қалыптасып, инвестициялық жобаларды ұтымды іске асыруға жағдай жасайды. Инвесторларға өндіріс орнын салуға мүмкіндік беріліп, инфрақұрылымдық желілермен қамтамасыз етіледі. Коммуналдық төлемдерге жеңілдіктер қарастырылған. Арнайы экономикалық аймақ қатысушылары үшін кедендік және салықтар бойынша жеңілдіктер бар», - деп атап өтті Мұрат Дүйсенбекұлы.
Кездесу барысында Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымы 6,5 млрд. АҚШ долларына жеткені айтылды. Қос тарап тиміді экономикалық байланыстарды нығайтуға мүдделі екендіктерін жеткізді.
Кездесуді қорытындылаған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Қазақстан мен Корея арасындағы дипломатилық қатынастарға келесі жылы 30 жыл толатынын атап өтті. Осы жылдар ішінде түзілген сенімді әріптестікті іскерлік байланыстармен нығайтуға Шымкент қаласының әкімдігі әрқашан дайын екендігін мәлімдеді.
Пікір қалдыру