ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Денсаулық сақтау вице-министрі әрі ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ерлан Қиясовты қазақ тілінде сөйлемегені үшін сынап тастады.
Өз кезегінде тіл жанашыры, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Ерлан Қиясовқа былайша ренішін жеткізді.
– Үш депутат қазақша сұрақ қойды, сіз орысша жауап беріп жатырсыз. Жалпы жиын бойы 15-20 шақты адам сөз алды, сонда екі-ақ адам қазақша сөйледі. Олар – Мақсат Бердіқұлов (Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық директоры) пен Қуаныш Асылханұлы (Білім және ғылым вице-министрі). Елордада жүргенде қазақша сөйлейтін адам көрсең, шетелде қазақ көргендей қуанасың. Осы екі бауырым үшін қуанып отырмын. Бірақ Ерлан Аңсағанұлы (Қиясов) үшін қуарып отырмын, – деді Қазыбек Иса.
Депутат Қиясовтан өз сұрағына жауап ала алмай жүргенін де еске салды.
– Қауіпті ақпарат таратпау жөнінде сізге сұрақ жібергенмін. Әлі жауап алмадым. Енді сіздер келе жатқанда қай елдің парламентіне бара жатырмын деп ойламайсыздар ма? Ресейдің думасына келе жатқандай жайбарақат боласыздар. Сіз «Нұр Отанның» мүшесісіз ғой, иә? Ендеше «Нұр Отанның» төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент пен Үкімет тек мемлекеттік тілде сөйлеуі керек екенін айтқан. Осы жердегі 15-20 адам түгелдей дерлік сол партияның мүшесі. Бәрі Ресей тілінде сөйлеп отыр. «Нұр Отанның» тапсырмасын «Ақ жол» өкілі, мен ғана орындауым керек пе? – деді Қазыбек Иса.
Dalanews.kz басылымының ақпаратынша, мәжілісте «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» деп аталатын заң жобасын талқылауға дөңгелек үстел отырысы болды. Оған Мәжіліс комитетінің депутаттары, жұмыс тобының мүшелері, Денсаулық сақтау вице-министрі әрі ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ерлан Қиясов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев қатысты.
Сондай-ақ бейнеконференцбайланыс құралдары арқылы биологиялық, медициналық технологиялар, биологиялық қауіпсіздік, экология, ғылыми зерттеулер саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұлттық орталықтар мен институттардың басшылары, мүдделі министрліктер мен ведомстволардың өкілдері қатысқанын айта кетуіміз керек. Ғылыми мекеме басшыларының баяндамалары мен Денсаулық сақтау министрлігі өкілінің жауаптары орыс тілінде болғаны рас.
Пікір қалдыру