12 қараша, жұма күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Қобда ауданына жұмыс сапарымен барды. И.Білтабанов атындағы ауылда өңір басшысы жаңа дәрігерлік амбулаторияны қарап шығып, материалдық-техникалық жарақтануымен танысты, қызметкерлерімен және емделушілермен тілдесті.
Жаңа ғимараттың жалпы аумағы - 320 м2. Оның құрылысына мемлекет 78,5 миллион теңге бөлген. Жұмысты «Стройнефть» ЖШС мердігер мекемесі орындады. Амбулатория 1500-ден аса ауыл тұрғынына қызмет көрсетеді. Ескі ғимараттың салынғанына 50 жылдан асқан әрі апатты жағдайда болды.
И.Білтабанов атындағы ауыл – әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымы «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы бойынша жаңғыртылған елді мекендердің бірі.
Аталмыш бағдарлама аясында биыл жол жөнделіп, ұзындығы 1,5 шақырым болатын Астана көшесі жарықтанды. Сондай-ақ, мәдениет үйі күрделі жөнделді. Шатыры, терезелері, жылу және электр желілері ауыстырылды, маңайындағы жерлер абаттандырылды. Бір аптадан соң жаңартылған мәдениет үйінде ауыл тұрғындарына арнап концерт қойылады. Осы жылы ауылда сондай-ақ, жаңа спорттық және балалар алаңдары пайда болды, жарын гүл бағы мен жаяужол салу, кіреберіс және ауылішілік жолдарды жөндеу жоспарда бар.
«Ауылдық жерге осылай көңіл бөлгеніңізге алғыс айтқым келеді. Қазір ауылымызға жан бітті – су бар, газ бар, жол бар, клуб, аурухана, мектеп бар! Көше жарығы қаланікінен жақсырақ. Тек қуанып, өмір сүр»,- дейді облыс әкімімен әңгімелескен ауыл тұрғыны Александр Пирогов.
Оңдасын Оразалин: «Бұл мемлекет басшысының ауыл тұрғындарында да қалалықтардікіндей игіліктер болсын деген тікелей тапсырмасы, бірақ сіздерде таза ауа, таза су сияқты артықшылықтар бар. Біздің облыстың ауылдарын абаттандыру жұмыстары жалғасын табады»,- деп жауап берді.
Қобдада өңір басшысы құлпынай өсіретін жылыжайға барды. Алаңы 540 м2 болатын жылыжай биыл сәуір айында пайдалануға берілген. Қазір мұнда үшінші егін орылып жатыр.
«Әзірге бір егіннен 300 келіден алып жатырмыз, әрі қарай 1,5 тоннаға жетеді деп жоспарлап отырмыз»,- дейді жылыжай иесі Тәттібек Әмірғалиев. Жобаға құйылған инвестиция - 8 млн теңге. Өнім дүкен сөрелеріне жаңа піскен және мұздатылған күйінде жеткізіледі.
Аудан орталығында облыс әкімі сондай-ақ, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында жөнделген ұзындығы 1271 және 2100 метр болатын И.Білтабанов және ағайынды Көпжасаровтар көшелерін қарап шықты.
Жұмыс сапары Талдысай ауылдық округінде аяқталды. Ол жақта өңір басшысы Абат Байтақ кесенесінің қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Мұнда кесене мен шырақшы үйі жөнделіп, электр желілері мен су құбыры жүргізілді, маңайы абаттандырылды. Қазіргі таңда қорым аумағында ескі құлыптастарды қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.
«Құлыптастар жартылай бұзылған, 260-тан астам құлыптас ХІХ ғасырға жатады. Сонымен қатар, 8-ге жуық қорған бар, олардың жасы 2,5 мың жыл. Кесене 14 ғасырға жатады »,- дейді тарихшы-өлкетанушы Бекарыстан Мырзабеков.
Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау және дәріптеу шараларын әрі қарай жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Пікір қалдыру