Үржар – еліміздің оңтүстік-шығысында жатқан Шығыс Қазақстан облысына қарайтын іргелі аудан. Бүгінде адам саны 80 мың болатын ауданның тыныс-тіршілігін білу үшін аудан әкімінің орынбасары Садуақасов Серікқазы Құсайынұлымен тілдескен едік. Бұл туралы "амшы порталы Айқынға сілтеме жасай отырып хабарлайды.
– Елбасы Қазақстанды дамыған отыз елдің қатарына қосуға жетелейтін кешенді бағдарлама ұсынды. Ол аудан көлемінде қалай жүзеге асуда?
– Ғасыр жобасы деуге тұрарлық «Нұр Отан» партиясының ХVІ съезінде ұсынған Елбасының бес институттық реформасы – заман талабына бағытталған тың әрі серпінді қадам дер едім. Аталған реформада экономикалық бағдарламаларды сапалы жүзеге асыруды және қолжетімді мемлекеттік қызметтерді ұсынуды қамтамасыз ететін негізгі 5 бағыт қамтылды. Қазіргі таңда ел алдындағы маңызды міндеттерді еңсеруде «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының маңыздылығы ерекше. Бағдарламаның өз деңгейінде жүзеге асырылуы еліміздің жаңа белеске көтерілуіне толық мүмкіндік береді және халықтың таңдауы мен қоғамның болашағына деген сенімін нығайтады. Біз, нұротандықтар, Елбасының стратегиялық ойларын іске асыруда оның сенімді тірегі болып табыламыз және экономикалық дамудың жоғары қарқынын және барлық азаматтардың әл-ауқатының бұдан әрі өсуін қамтамасыз ету үшін өзімізге жауапкершілік жүктеуге дайынбыз. Қазақстанның болашағын, біз, нұротандықтар, әрбір азамат лайықты өмір сүретін әрі өз балаларының болашағы үшін сенімді болатын, әр адам жеке табысқа жету және өзінің барлық қабілеттерін іске асыру үшін мүмкіндігі бар мықты мемлекет ретінде көреміз. Әрбір қазақстандық сапалы біліммен, жоғары деңгейлі медициналық қызмет көрсетумен, жалақысы жоғары жұмыспен қамтамасыз етілетін болады. Біз барлық ұлт өкілдері бір-бірін сыйлайтын, өзінің Отанын мақтан ететін, өмір сүру үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз елді құрудамыз.
– Аудандағы «Нұр отан» партиясының атқарып жатқан іс-шаралары туралы сөз ете кетсеңіз?
– Бүгінгі таңда «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қатарында 4074 мүшесі бар. Аудан бойынша 27 бастауыш партия ұйымдары қызмет етеді. 28 қоғамдық қабылдау бөлмелері, 146 партиялық топтар жұмыс істейді. Осының бәрі партия филиалының аудан тұрғындарына, елге не қажет екенін біледі деп нық айтуға толық мүмкіндік береді. Біздің баршамыз – қуатты да гүлденген Қазақстанды құрғымыз келеді. Біз бұған қалай жетуге болатындығын білеміз. Үржар ауданы бойынша ҚР Президенті
Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын және «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан 2017 мақсаттары. Ұлттық іс қимыл жоспары» атты сайлауалды тұғырнамасын өз деңгейінде насихаттау мақсатында аудандық ақпараттық топтары нәтижелі жұмыс жасауда. Аудандық ақпараттық тобының құрамына аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, саяси партия, қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ өкілдері енгізілген. Аудан көлемінде ұйымдастырылған идеологиялық, мәдени жұмыстардың барлығы Елбасы Жолдауын насихаттап, мемлекет саясатын дәріптеуге, қоғамдық-саяси ахуалды, бірлікті, ұлтаралық және дінаралық келісімді қолдауға, одан әрі дамытуға бағытталды.
– Биылғы жыл үлкен мерекелерге толы. Осы жөнінде қандай игі істер атқарылуда?
– Қазақстан халқы ассамблеясының жылын, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын, Абай Құнанбаевтың 170 жылдығын мерекелеуге байланысты аудандық ұйымдастыру және өткізу бойынша іс-шаралар жоспары жасалып, бекітілді. Бекітілген жоспардың басты бағыты ретінде ел ішіндегі саяси тұрақтылықты, түрлі ұлттар мен ұлыстар, діни құрылымдар арасындағы өзара түсіністікті, береке-бірлікті, ынтымақты сақтауға арналған іс-шаралар енгізілді. Мәселен, 1 мамыр мерекесіне орай «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз!» атты Қазақстан халқының достығын паш ететін театрландырылған көрініс және концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Мерекелік шеруге 40-қа тарта ұжым қатысып, мерекелік шараны аудан әкімі С.Зайнулдин құттықтады. Орталық стадионда әртүрлі ұлттардың достығын насихаттайтын «Этноауыл» қойылып, ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар өтті. 1 мамыр күні Қаратал ауылында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай спорттық жарыстар, 2 мамыр күні Қаратал ауылында ұлттық ат спорты түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, барлық 27 ауылдық округтен тұлпарлар қатысты. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Аудан орталығы Үржар ауылының орталық стадионында Жеңістің 70 жылдық мерекесі құрметіне Мақаншы шекара отрядының сарбаздары, Ауған соғысы ардагерлерінің және мектептердің жас сарбаздарының қатысуымен әскери шеру өтті. Аудандық мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың мерекелік театрландырылған көрінісі және концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Мерекелік шара аясында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен Ауған соғысы ардагерлеріне арналған әскери дала асханасы ұйымдастырылды. Аудан әкімі атынан аудандағы 10 Ұлы Отан соғысы ардагеріне жергілікті бюджеттен 100 мың теңгеден қаржылай көмек, 2 ардагерге баспана сатып әперілді, 1 ардагерге 130 мың теңге көлемінде үйіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. 10 ардагерге 10 плазмалық теледидар және әрбір ардагерге 15 мың теңге көлемінде азық-түлік дорбасы берілді. Барлық елді мекендерде ардагерлер аллеясы мен батырлар ескерткіштері тазаланып, сырланып, көркейту жұмыстары жүргізілді. Жеңістің 70 жылдығы мерекесі қарсаңында «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында Айтбай, Алтыншоқы, Көктерек, Шолпан, Қызыл ту ауылдарында ескерткіштер салтанатты түрде ашылды. Таскескен ауылындағы «Ер есімі – ел есінде» мемориалдық ескерткішіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге Таскескен ауылының ипподромында Жеңістің 70 жылдығына орай ат жарысы өткізіліп, бағалы сыйлықтар табыс етілді. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті тұрақты даму жолына түсіп, жүйелі жұмыстар атқарылуда. Ендігі мақсат алдымызда тұрған міндеттерді орындау, ауданымыздың одан әрі көркеюі, экономикасы мен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолында тиісті жұмыстарды одан әрі жалғастыру болып қала бермек.
Пікір қалдыру