“Димашпен дуэт жазғым келеді”. Желі жұлдызы Гүлмайданмен сұхбат

/image/2021/12/05/crop-10_64_1112x1482_mycollages.jpg

Құрылыста істеп жүріп ән айтып желіде танымал болған Гүлмайдан Серікбай (лақап аты – Дана) Қамшы тілшісіне сұхбат берді. Гүлмайдан желіде кеңінен тараған видео қашан және қандай жағдайда түсірілгенін, өзі туралы және келіп түсіп жатқан ұсыныстар туралы айтты.

Гүлмайдан Серікбай Ғалымжанқызы 1994 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданы Бестам ауылында дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата университетінде "жоғары музыкалық білім" мамандығында оқып, алайда отбасылық жағдайға байланысты оқуын 3-курстан кейін тастап кетуге мәжбүр болған.

Гүлмайдан әншілік өнерге бұрыннан жақын болғанын айтады.

– Жалпы маған әншілік өнер нағашы әжем Ырысқал Өксікбаевадан дарыған шығар деп ойлаймын.  Бірақ ол кісіні өзім мүлдем көрмегенмін. Үлкендер "дауысы жақсы болған еді" деп айтып отыратын. Негізі әншілікке бұрыннан жақын болдым. Кафе, мейрамханаларда ән айтып, кәсіби түрде айналысқаным бар. Кейін пандемия басталып, бәрі карантинге жабылғанда жұмыс тоқтап, табыссыз қалдым. Жанбағу үшін құрылыспен айналысуға тура келді, – дейді желі жұлдызы.

Гүлмайдан Серікбай бір сәтте желіде танымал болып кеткеніне әлі де сене алар емес.

– Өзімді әлі "жұлдыз" болдым деп есептемеймін. Бірақ халыққа танымал болу өте керемет сезім екен. Бұндай жағдайға кез келген адам қуанатын еді деп ойлаймын. Кейде осының бәрі түс сияқты көрінеді, – дейді ол.

Айтуынша, желіде тараған видеоны арнайылап  түсірмеген. 

– Алматыға келгеніме 4 ай болды. Қыздармен бірге жұмыс істейміз. Желіде тараған видео мектепті ремонттап жатқан кезімізде алдыңғы аптада түсірілген. Бірге жұмыс істейтін әпкемдей болып кеткен Жұлдыз деген қыз бар. Сол ән айтып жатқанымды сыртымнан түсіріп, желіге салып жіберіпті. Видео түрлі пабликтерге тез таралып, бәрі әп-сәтте болып кетті. Мен мұндайды  мүлдем күтпедім. Оның алдында Жұлдыз маған "әндеріңді әлеуметтік желіге салайық" деп үнемі айтатын. Мен оған  келіспей жүрдім. Сөйтсем, сыртымнан түсіріп, салып жіберіпті, – дейді әнші қыз.

Қазіргі таңда Гүлмайданға түрлі ұсыныс келіп жатқан көрінеді.

– Қазір продюсер болуға ниет білдіріп, ұсыныс айтып жатқандар бар. Тіпті өлең мен сөз жазып бергісі келетіндер табылуда. Бет әрлеушілерге дейін хабарласып, көмек бергісі келетіндерін жеткізіп жатыр. Телеарналар да жиі шақырады, – деген ол негізінен батыс елдері әртістерінің өнерін жақсы көретінін, отандық әртістердің ішінен Димаш Құдайбергенді, Жанар Дұғалова, Айқын Төлепберген, Ninety One тобын тыңдайтынын,  Димашпен дуэт жазғысы келетінін айтады.

Қазіргі уақытта  Гүлмайданның Instagram парақшасына  60 мыңға жуық адам жазылып үлгерген. Оның видеолары алғаш Tik-tok желісінде тарап, танымал бола бастағаннан кейін ғана  Instagram-нан парақша ашқан.

 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 

Публикация от Әнші | Певица (@anwi_dana)

 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 

Публикация от Әнші | Певица (@anwi_dana)

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар