IDF Eurasia кредит ұйымы несие алуда қазақстандықтардың қандай тобы қиындыққа тап болатыны туралы зерттеу қорытындысын жариялады. Зерттеу көрсеткендей, айлық еңбекақысы 300 мың теңгеден басталатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатындағы азаматтардың 50 пайызына кредитке өтініш бергенде теріс жауап келген.
Зерттеуге 12 мың адам қатысқан. Оның 60 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.
Ұйым келтірген дерекке сай, 2021 жылы өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың 52 пайызы банктерге кредит алуға өтініш білдірген. Олардың жартысына банк бас тартқан. Сұралғандар банк мұндай санаттағы азаматтарды "сенімсіз қарыз алушы" деп санайтынын жеткізген.
Десе де бұл санаттағы азаматтардың еңбекақысы орташадан жоғары болып келеді. Мәселен, зерттеуге қатысқан өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың 53 пайызы 300 мың теңге көлемінде жалақы алатынын айтса, 17 пайызы 500 мың, 20 пайызы 600 мың теңгеден жоғары табатынын жеткізген.
Қазақстандықтардың 75 пайызы банк несие өтінішін қарастырғанда өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға ресми жұмыс істемейтіндіктен бас тартады деген пікірде. 15 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамту статусында кредит тарихының болмауымен байланыстырса, 10 пайызы мұндай санатқа бағытталған арнайы кредит өнімі қарастырылмағанымен түсіндіреді.
Бизнес мақсаттағы кредиттер өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың тек 10 пайызына берілген. 40 пайызы тұтынушылық несие алса, 12 пайызына ғана ипотека ресімделген. 25 пайызы мүлкін кепілге қойып барып кредит ала алған.
Пікір қалдыру