Аймағамбетов педагогтерді жұмысқа қабылдауға байланысты мәлімдеме жасады

/image/2021/12/24/crop-281_13_1048x1398_7d1e4e24-e237-49d5-af62-d65072f24706.jpeg

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтерді жұмысқа қабылдаудың жаңа ережелерін түсіндірді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, енді педагогтерді жұмысқа қабылдау жаңа форматта конкурс және нақты критерийлер бойынша жүзеге асырылатын болады.

– Өзгерістер мұғалімдерді жұмысқа орналастыру кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және жұмысқа қабылдау кезінде меритократия қағидаларын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұған дейін нақты ереже болған жоқ, яғни мектеп директоры кімді және қандай көрсеткіштер бойынша жұмысқа қабылдау керектігі туралы өзі шешетін, – деді ол.

Ол бірқатар аймақта сағаттар саны дұрыс бөлінбей, үш-төрт мұғалім бір ставкаға қабылданған жағдайлар да тіркелгенін атап өтті.

Бұдан былай білім беру ұйымдары барлық бос немесе уақытша бос лауазымдарға конкурс өткізетін болады. Бұл шағын жинақты мектептерге қатысты емес.

Байқауға біліктілік сипаттамаларына сәйкес келетін мұғалімдер қатысады.

– Жұмысқа орналасу кезінде үміткер конкурсқа қатысу туралы өтініш береді. Өтініш беруші өзінің бағалау парағын қоса ұсынады. Онда барлық жетістігі, нәтижелері, еңбек өтілі, әкімшілік немесе әдістемелік қызмет тәжірибесі, курстық дайындық және басқа да ақпарат көрсетіледі. Әрбір бағыт бойынша кандидат белгіленген критерийлер арқылы бағалау шкаласына сәйкес өз балын дербес қояды.

Конкурстық комиссия өтініш берушінің өзі қойған балдың, оларды растайтын құжаттардың сәйкестігін тексеріп, қорытынды ұпай шығарады. Нәтижесінде бос орынға ең көп балл жинаған үміткер қабылданады. Субъективизм деңгейі барынша төмендейді, – деді министр Асхат Аймағамбетов.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар