«Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысының демеушілігімен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған көрме ашылды. Бұл туралы "Қамшы" порталы Айқынға сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Көрмеге филология, тарих факультетінің өкілдері қатысты. Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында журналистика факультетінің студенттері «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігімен Жамбыл – Шу –Мойынқұм аудандарында фотоэкспедиция өткізді. Көрмеге экспедиция барысындағы фототілшілер мен студенттердің үздік жұмыстары қойылды.
Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің «Елдің интеллектуалды әлеуеті» мемлекеттік бағдарламасы аясында факультеттің жас ғалымдары «Қазақ елі» студенттік ғылыми экспедициясын ұйымдастырып, аймақтарға зерттеулер жүргізді. Экспедицияның негізгі мақсаты – БҰҰ мәдени мұраны сақтау туралы халықаралық конвенциясына сәйкес қазақ халқының құндылықтарын таныту, зерттеу және сақтау. Студенттік экспедицияның ендігі нысаны – Қызылорда, Қостанай, Ақмола, Қарағанды өңірлеріне зерттеу жүргізу. «Қазақ елі» студенттік ғылыми экспедициясының қорытынды жұмыстары көрмеге ұсынылды.
Асылхан ӘБДІРАЙЫМ, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, аға оқытушы:
– Қазақ хандығының 550 жылдығына орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің фотожурналистикаға қызығушылық танытып жүрген студенттері, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі мен республикалық, қалалық газеттердің фототілшілері маусым айында Жамбыл – Шу – Мойынқұм аудандарына фотоэкспедиция өткізді. Мұндағы мақсат – Қазақ хандығының алғашқы уық қадаған жерімен танысу, тарихқа үңілу және экспедиция барысында студенттерге фототілшілердің шеберлік сыныптарын өткізу. Көне ғасырдағы «Ақыртас» қалашығы, Шу өңіріндегі Қозыбастау тауы, сол аймақтағы «Хантау» өңіріндегі тарихи жәдігерлермен таныстық. Сол фотоэкспедицияда түсірілген үздік суреттер көрмеге қойылды. Ал Астана қаласындағы театрландырылған қойылым көріністерінің авторы – Еділ Орманов. Көрмеде фототілшілер мен студенттердің еңбектері қамтылды. Бүкіл ел болып тойлап жатқан тарихи ұлы мерекеге сурет арқылы өз үлесімізді қосқымыз келді. Игі бастамаға Жамбыл облысы әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы қолдау көрсетті.
Гүлмира СҰЛТАНБАЙ, «Баспасөз және электронды БАҚ» кафедрасының меңгерушісі, профессор:
– Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған экспедицияның тақырыбы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды. Негізгі мақсаты – жас ғалымдар мен студенттерге қазақ жерінің ұлттық құндылықтарын таныту, зерттеу. Үш жыл қатарынан ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлік бюросы, БҰҰ-ның Ақпараттық бюросы тікелей қолдау көрсетіп, кеңестер беріп келеді. 20 күнге созылатын экспедицияда студенттер ел тәуелсіздігінен бері қарайғы өңірлердегі халықтың тұрмыс-тіршілігі, сол аймаққа тән ұлттық құндылықтары, салт-дәстүр ерекшеліктері және тағы басқа мәдени-танымдық зерттеулерге көп көңіл бөледі. Бұдан бөлек қазақ даласының, тарихи бай қалаларының фотокартасын жасауды қолға алды. Яғни, «googlemap», «яндексmap»-тың тегін ресурстарын пайдалана отырып, студенттер аралаған аймақтардың картасын сызып отыру. Бүгін үш экспедицияның қорытындысын көрмеге қойдық.
Пікір қалдыру