Салаға жеке инвестицияларды тарту үшін Қазақстанда теміржол жолаушылар тасымалында субсидиялау тетіктерін өзгерту жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Астанада теміржол көлігін дамытуға арналған кеңесте ҚР ИДМ Көлік комитеті Теміржол көлігі басқармасының басшысы Нұрбек Қабижан мәлім етті. Бұл туралы "Қамшы" порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Оның сөзіне қарағанда, жаңа жолаушылар вагондарын алу үшін тасымалдаушылардың заемдық қаржысы есебінен теміржол жолаушы көлігіне инвестиция тартудың тетігін жасау мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізудің қажеттігі туындауда.
Осыған байланысты бірінші кезекті іс-қимылдардың 2015 жылға арналған жоспарына сәйкес, инвестиция тартудың құқықтық шарттарын жасау тұрғысында тиісті заң жобасы әзірленді.
Аталған құжатта жолаушыларды тасымалдауды субсидиялау тетігіне өзгерістер енгізу мен негізгі активтерді жаңартудың ұзақ мерзімді негіздегі нормативтік-құқықтық шарттарын жасау қарастырылған.
«Субсидиялау тетігін өзгерту қаржыландырудың ашықтығын арттырады, сондай-ақ тасымалдаушыларға жыл сайын шамамен 150 жаңа вагон сатып алуына және бір жылда 25 млрд. теңге инвестиция тартуына мүмкіндік ашады», - деді Н. Қабижан.
Пікір қалдыру