Тұрақтандыру қорына 6 мың тоннаға жуық көкөніс жиналмақ - ШҚО

/uploads/thumbnail/20170708195531539_small.jpg

Семейліктер келер жылдың мамыр айына дейін сапалы, арзан бағадағы көкөніспен толық қамтылады. Қазір қала іргесіндегі «Приречное» агрофирмасында қызу науқан. Бұл туралы "Қамшы" порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Шаруашылық барлығы 15 мың тонна өнім жинауды көздеп отыр. Оның 3/1-і тұрақтандыру қорына жіберіледі. Су жаңа немістің тракторлары ғажап техникалар. Жылдам қимылдайды, өнімді өзі қазып алып, жүк көліктеріне ұқыпты тиеп береді. 

 20 жылдық тәжірибесі бар механизатор Дмитрий Борнның айтуынша, бұрынғы тракторлармен салыстырғанда айырмашылығы жер мен көктей. Кабинасында салқындатқышы бар. Қозғалуы да өте ыңғайлы. Жұмыс өнімділігі де артты. «Жұмысыңды ыждаһатпен істесең ғана жемісін береді. Біздің ұжымда барлығы бір отбасының мүшелеріндей болып кеткен. Ауызбіршілік мықты» - дейді ол.

 «Приречное» агрофирмасының негізі 1993 жылы құрылған. 1,5 мың гектар суармалы жері бар. Биыл 460 гектарға картоп, 44 гектарға пияз, 45 гектарға сәбіз, 30 гектарға орамжапырақ, 10 гектарға қызылша салыныпты. Шаруашылықта 200 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыс істейді. Өнімдерді төкпей-шашпай жинап, қоймаларға толтыру үшін маусымдық жұмыстарға қосымша 100 ауыл тұрғыны атсалысуда. Мемлекеттен бөлінетін субсидиялар көлемі артып келеді, жеңілдетілген бағамен 600 тонна дизельдік отын да беріліпті. Енді шаруашылық басшылары жас мамандарға жағдай жасауды ойластырып отыр. Биыл агрофирма мемлекеттің көмегімен жаңадан шетелдік 5 трактор, 3 комбайн алды, деп хабарлайды 24.kz.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар