Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
"Азаматтардың қауіпсіздігін және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында 2022 жылғы 5 қаңтардағы сағат 01:30-дан 2022 жылғы 19 қаңтардың сағат 00:00 кезеңі аралығында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды.
Президент телевизия арқылы жасаған үндеуінде айтқандай, іштен және сырттан болған сан түрлі ақпараттарға сеніп, ереуілге салынған топтың қитұрқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабылдайды деп үміттенеді", делінген хабарламада.
Еске салайық, Жаңаөзен мен Ақтаудың мыңдаған тұрғыны жаңа жылдан кейін бағасы күрт шарықтап кеткен сұйытылған газ бағасын түсіруді талап етіп, көшеге шыққан болатын. Олар жолдарды жауып тастаған.
Бүгін арнайы құрылған үкіметтік комиссия мүшелері Жаңаөзен және Ақтау белсенділерімен келіссөз жүргізіп, оның қорытындысы бойынша сұйытылған газ бағасы 50 теңгеге дейін төмендеген.
Алайда халық наразылығы басылмай, адамдар алаңнан кетер емес. Керісінше Жаңаөзен мен Ақтауға өзге де өңірлер қосылып, ел тарихындағы аса ауқымды халық наразылығы болып жатыр. Қазіргі уақытта Алматыда бейресми дерек бойынша 40 мыңдай адам алаңда жүр. Наразы топ саяси талаптар қойып жатыр. Олар жүйе ауысып, Қауіпсіздік кеңесі арқылы билікке ықпал етіп отырған Нұрсұлтан Назарбаавтың үлкен саясаттан түбегейлі кеткенін қалайды.
Кейбір мәліметтерге қарағанда, Алматыдағы Республика алаңында бірнеше полиция көлігі өртенген. Қала орталығында гранаталардың дыбысы естіледі.
Пікір қалдыру