Атырау облысы Мақат ауданында наразы жұрт Қазақстанның әр тарапына жүретін пойыздар өтетін тораптық теміржолды жауып тастаған. Бұл туралы Ақ Жайық басылымы хабаралды.
Жаңаөзенді қолдау акциясы Мақат ауданында 4 қаңтарда басталды. Қазір теміржол бойындағы наразылық білдірушілер саны жүзден асты.
– Біз жаңаөзендіктерді қолдаймыз және бағаның өсуіне қарсымыз. Митингіміз бейбіт, тәртіпсіздіктер орын алып жатқан жоқ, бірақ біз соңына дейін тұрамыз, – дейді наразылар.
Ал, пойыз жолаушылары қиын жағдайға тап болды. «Атырау – Алматы», «Атырау – Маңғышлақ», «Атырау – Ақтөбе» және т.б. пойыздар Мақат стансасына кері қайтып жатыр деген ақпарат бар.
Еске салайық, 2 қаңтарда Жаңаөзенде газ қымбатшылығынан басталған халық толқуы республиканың көптеген өңірлерін жаппай шарпып, кеше кешке Алматы халқы наразылыққа шыққан. Әлеуметтік мәселеден туған халық наразылығы біртіндеп саясилана түсіп, үкімет пен Н.Назарбаев отставкасы туралы талаптар қойылды.
Алматыда алаң мен көшеге шыққан ондаған мың адам арасында тәртіпсіздікке барғандар, полиция көліктерін өртеп, ғимараттарды қиратқандар да болды. Полиция адамдарды алаңнан қайтару үшін көзден жас ағызатын, даусы қатты шығатын, иісі өкпені қабатын гранаталар қолданды. Азаматтар мен полиция қақтығысынан жараланғандар бар.
Қ.Тоқаев Маңғыстау, Алматы облыстары мен Алматы қаласында екі аптаға төтенше жағдай жариялады. Көптеген шектеу енгізілді.
Пікір қалдыру