Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында елдегі жағдайдың қиындығын айтып, бірқатар жедел шара қабылдау қажет екенін мәлімдеді.
Тоқаев аталған топтар шын мәнінде, шетелде үлкен дайындықтан өткен халықаралық террористер екенін және олардың Қазақстанға жасаған шабуылын басқыншылық акті ретінде қарастыру қажет екенін айтты.
– Осыған байланысты Қауіпсіздік алқасы жөніндегі Шартқа сүйене отырып, мен ҰҚШҰ мемлекеттерінің басшыларына осы террористік қауіпті еңсеру үшін Қазақстанға көмек көрсетуді сұрадым. Шын мәнінде, бұл – қауіп қана емеc, бұл – мемлекеттің тұтастығына нұқсан келтіру, азаматтарымызға шабуыл жасау. Олар менен, мемлекет басшысы ретінде тез арада өздерін қорғауды сұрайды.
Азаматтарымыздың игілігін, қауіпсіздігі мен тыныштығын ойлау – менің Конституциялық міндетім. Сондықтан ҰҚШҰ-дағы әріптестеріме білдірілген өтініш – уақытылы әрі толығымен дұрыс қабылданған шешім.
Қазақстан халқы бұл шешімді қолдайтынына сенімдімін. Жұмылсақ, сөзсіз, жеңеміз. Террористік топтар ірі инфрақұрылымдық объектілерге шабуыл жасауда. Атап айтқанда, Алматы әуежайы, бес ұшақ, оның ішінде шетелдік те ұшақтар басып алынды. Өкінішке қарай, Алматы қаласына шабуыл жасалып, қиратуға және вандализмге жол берілді. Қала тұрғындары террористер мен қарақшылар шабуылының құрбанына айналды. Сондықтан біздің, оның ішінде осында қатысып отырған Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің міндеті – елімізді сыртқы қауіптен қорғау үшін барлық қажетті әрі мүмкін болған шараларды қабылдау, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салайық, Алматы мен Қазақстанның батысындағы тәртіпсіздіктерге байланысты бүкіл Қазақстан бойынша төтенше жағдай енгізілген болатын.
Тәртіпсіздіктер барысында 317 полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері түрлі жарақаттар алып, 8 адам қаза тапқан. Алматыда жаппай тонау болып жатыр.
Қазір тәртіпсіздіктердің алдын алу үшін шаралар қолданылып жатыр.
Пікір қалдыру