СІМ шетелдік БАҚ-тардағы жарияланған ақпараттарға қатысты жауап берді

/image/2022/01/10/crop-126_38_805x1074_87df71c7-28ee-4afc-8a21-b62b60b599ea.jpeg

​​Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жекелеген шетелдік БАҚ-тардағы жарияланымдарға қатысты пікір білдірді. 

Министрліктің хабарлауынша, елде төтенше жағдай енгізілгеннен бері қалыптасқан ахуалға байланысты шетелдік БАҚ-тағы бірқатар жарияланымдар атүсті және біржақты сипатта болған.

Осыған байланысты Сыртқы істер министрлігі келесіні атап өтті.

  • Маңғыстау облысы мен елдің барлық ірі қалаларында бейбіт митингтер өтті. Олардың талаптары толық қанағаттандырылған. Алайда, терроршыл, экстремистік және қылмыстық топтар шиеленіс пен зорлық-зомбылықты ушықтыру үшін бұл жағдайды өз мүддесіне пайдаланып алған. Осыған байланысты елде төтенше жағдай жарияланды.
  • Алматы қаласындағы және елдің басқа да өңірлеріндегі оқиғалар көрсеткендей, Қазақстан шетелде дайындықтан өткен және жақсы үйлестірілген терроршыл топтардың шабуылына тап болды. Алдын ала мәліметке қарағанда, шабуылшылардың арасында жанжал аймақтарында діни радикалдық топтардың қатарында қақтығыстарға қатысу тәжірибесіне ие адамдар бар.
  • Қазіргі уақытта Қазақстанның құқық қорғау органдары мен Қарулы күштері, кейбір шетелдік БАҚ бұрмалап көрсеткендей, "бейбіт сипаттағы наразы топтарға" емес, террористерге қарсы тұруда.
  • Қалыптасқан жағдайда, Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) көмекке жүгінуге мәжбүр болған, ол жағдайды тұрақтандыру мақсатында жалпы саны 2 500 адам құрайтын бітімгершілік күшін жіберген. Бітімгершілердің мандатына стратегиялық нысандарды күзету және қазақстандық құқық қорғау күштеріне жәрдемдесу кіреді.

Терроршыл топтарға қарсы негізгі іс-қимылды Қазақстанның құқық қорғау органдары мен Қарулы күштері жүргізетініне назар аударамыз.

ҰҚШҰ-дың бітімгершілік күштері Қазақстанда уақытша негізде болатынын және жағдай тұрақталған соң Қазақстан тарапының бірінші сұрауы түскен кезде өз елдеріне оралатынын атап өтті.

Құқық қорғау органдарына қалыптасқан жағдайдың себептеріне кешенді тергеу жүргізу тапсырылды, оның нәтижелері халықаралық қоғамдастыққа жеткізілетін болады.

Қақтығыстардың салдарынан еліміздің азаматтары, соның ішінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскерилер қаза тапты.

Осыған байланысты, 2022 ж. 10 қаңтар елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар