Қырғызстандық музыкант Бішкекке қайтты

/image/2022/01/11/crop-76_6_780x1040_fiugkk4xiaqfva4.jpg

9 қаңтарда "Қазақстан" және "Хабар 24" арналары "Қазақстандағы митингіге қатысқаны үшін ақша алды" деп Қырғызстан азаматы делінген адамды көрсеткен еді. Артынша оқиға барысы мүлде басқа арнаға ауды.

Викрам Рузахунов есімді Қырғызстан азаматы ресми телеарналардан көрсетілген видеода 1 қаңтарда бейтаныс адамдар телефон арқылы хабарласып, митингіге қатысу үшін 90 мың теңге ұсынғанын, билет әпергенін, пәтерге орналастырғанын айтады.

Көп ұзамай қырғызстандық басылымдар Викрам Рузахунов Қырғызстанға белгілі джаз музыканты екенін, Қазақстанға концертке келгенін жарыса жазды. 

Музыканттың туыстары онымен байланыса алмағандықтан, Қырғызстанның құзыретті органдарына жүгінген. Ал Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі оқиғаға байланысты тексеріс жүргізіп, Рузахуновқа полиция зәбір көрсеткенін мәлімдеп, Қазақстанға қарсылық нотасын жариялады.

Қырғызстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Нұран Ниязалиев Рузахуновты мүмкіндігінше тезірек босатуды талап етіп, Қазақстанды шетелдіктердің оқиғаларға қатысы туралы сенімді ақпарат жариялауға шақырды.

Бұған дейін Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Камчибек Тахиев мүдделі тараптар қырғыз азаматтары туралы теріс ақпаратпен қырғыздар мен қазақтар арасындағы қарым-қатынасты шиеленістіруге тырысып жатқанын, жақсы дайындалған ақпараттық шабуыл екенін мәлімдеген.

10 ақпан күні «Вечерний Бишкек» ақпараттық сайтының мәліметінше, Алматыдағы тәртіпсіздікке қатысты деп ұсталған Қырғызстан азаматы Викрам Рузахуновты қарулы күштер босатқан. Қырғызстандық журналист Камилла Валиева Қамшы ақпараттық сайтына Рузахунов босатылғаннан кейін Бішкекке жолға шығып, еліне аман-есен барғаны туралы хабарлады.

Қазақстанда билікке қарсы жаппай наразылық соңы тәртіпсіздікке ұласқан соң билік елдегі жағдайға "шетелде дайындалған террористерді" айыптай бастаған. Бірақ билік "террористердің" кім екенін нақты айтпай отыр.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар