Премьер-министр Әлихан Смайылов құқық қорғау жүйесін реформалауға байланысты бірқатар мәселелерді көтерді.
Смайылов Ішкі істер министрлігіне Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, бір апта ішінде Үкіметке ІІМ арнаулы мақсаттағы бөлімшелері мен Ұлттық ұланды сандық әрі сапалық нығайту жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Сондай-ақ полицейлердің құқықтық қорғалуын арттыру мәселелерін пысықтауды, қару айналымы мен діни экстремизмнің таралуына бақылауды күшейтуді, бір апта ішінде үкіметке азаматтық қорғау органдарын материалдық-техникалық және әлеуметтік нығайту жөнінде ұсыныстар енгізуді, елдің азаматтық қорғаныс жоспарына қажетті түзетулер енгізуді, төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығаруды жетілдіру жөнінде келісілген ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
"Қорғаныс министрлігіне Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Қаржы министрліктерімен бірлесіп, арнайы бөлімшелердің әскери қызметшілерінің табысын арттыру, әскери-көлік авиациясымен, қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру мәселелерін пысықтау тапсырылды. Премьер-министр Қарулы күштер мен барлау құрылымдарын реформалау, әскердің қорғаныс қабілетін түбегейлі арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді және Қауіпсіздік кеңесі аппаратының жақын арадағы отырысына енгізуді тапсырды" делінген үкімет басшысының баспасөз қызметі таратқан ақпараттық хабарламада.
Пікір қалдыру