Құрылыс материалдары саласындағы Alina Group компаниялар тобының президенті Ерлік Балфанбаев рұхсатсыз өзі және компаниясы туралы ақпарат жарияламауды сұрау себебін түсіндірді.
Кәсіпкер өзі және компаниясы туралы ақпаратты келісіп жариялау туралы өтініш жансақ ақпарат таралмас үшін жасалғанын жеткізді.
– Мәселен, 2015 жылғы материалда біз мемлекеттен қаржы алғанымыз туралы атап өтілген. Ал іс жүзінде компания алған ақшалардың бәрі екінші деңгейлі банктерден пайызбен алынған еді, қайтарымсыз қолдау туралы әңгіме болмаған. Сондай-ақ маған өзім жайлы "олигарх" дегенді оқу біртүрлі. Олигархия мемлекеттік билік ауыспайтын тұлғалардан тұратын шағын топқа тиесілі автократияның түрі саналады. Менің мұндайға ешқашан қатысым болмаған. Компаниямның да билікпен ешқандай байланысы жоқ. Мен танымал адам емеспін, өйткені танымалдыққа құмартпаймын. Мен ешқашан саясатқа, билікке бармаймын. Сондықтан бизнеспен шұғылданып, Қазақстан экономикасына үлес қосқым келеді, – дейді бизнесмен.
Сондай-ақ ол "байлығын адал жолмен жимаған бизнесмендер онысын бөлісуге тиіс" деген тіркестер оған қарама-қайшы келетінін айтады.
– Мен әр тиынымды адал жолмен таптым. Менің капиталымның қайнаркөзі сәттілікте, мемлекеттік тапсырыста, немесе бюджет қаржысын талан-таражға салуда емес, мен және карьерлерім мен зауыттарымдағы кез келген жұмысшы күнделікті айналысатын ауыр еңбекте жатыр. Бизнесім ешқашан билік қамқорлығында болмаған. Біздің елде әр қызметкеріңе, сатып алушыларға, билікке принципті түрде әділ болу арқылы ашық, таза, ірі кәсіп құруға болады. Менің өмірлік мысалын соны айғақтап тұр, – дейді Ерлік Балфанбаев.
3 ақпанда Alina Group-тан Forbes Kazakhstan журналы мен Forbes.kz сайты редакторларының электрондық поштасына 10 ақпаннан бастап журнал мен сайт бетінде Alina компаниялар тобының жалғыз иесі Ерлік Балфанбаев туралы ақпараттар жазбаша рұқсатсыз шығарылмауға тиіс екені туралы хабарлама келген. Хат әлеуметтік желіде біраз талқыға себеп болған. Компанияның бұл қадамын "Қазақстан қорына" ақша аудармас үшін Forbes тізімінен қашуға тырысу" деп бағалағандар болған.
Forbes Ерлік Балфанбаевтың байлығын 125 миллион долларға бағалайды. Оған құрылыс саласындағы AlinEX, AlinaPaint, "НАШИ", "Батыр", G-EX, Norma, Decorex секілді брендтер тиесілі.
Пікір қалдыру