Жақында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің қатысуымен Арулар ордасында бой көтерген үш бірдей нысан – 9 қабатты жатақхана, «Аққу» атты жүзу бассейні және «Ақ шатыр» жазғы ойын-сауық алаңының ресми тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл туралы "Қамшы" порталы Айқын-ақпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Үш бірдей нысанның лентасын қиған ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Бәкенұлы мен ҚазМемҚызПУ ректоры Динар Жүсіпәліқызы, сондай-ақ сыйлы қонақтар әрбір ғимараттың ішкі жабдықталуымен танысып, ризашылықтарын білдірді. Студенттердің дастарқанынан дәм татқан министр шәкірттермен тілдесіп, оқу-білім жайында сыр шертті.
«Ақ шатыр» жазғы алаңында құттықтау сөз сөйлеген А.Бәкенұлы: «Қазіргі таңда Қазақстанда жастар үшін барлық жағдай жасалып отыр. Жыл сайын мемлекет 150 мың оқу грантын бөледі. Келесі жылдан бастап грантпен оқитын студенттердің стипендиясы 25 пайызға өседі. Техникалық мамандықты игеріп, өндірісте жұмыс істеймін деген жастар үшін индустрияландыру бағдарламасы бойынша жаңа жұмыс орындары, ғылыммен айналысамын деген шәкірттер үшін зертханалық орындар ашылып жатыр. Осы оқу орнында оқитын студенттер ұстаздық жолды таңдаған. Өздеріңіз білесіздер, мұғалімнің рөлі өте мәртебелі. Университетті бітіріп, мектепке баратын студенттерге жақсы жаңалық бар. Елбасының шешімімен келесі жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 30-50 пайызға өсетін болады. Сондықтан жастар үшін барлық жағдай жасалып отыр. Тек қана жақсы оқып, еңбек етуіміз керек. Осындай керемет ғимараттар ашыла берсін. Қазақстанымыз өркендей берсін!» – деген жүрекжарды тілегін айтты.
450 орынға арналған жаңа жатақхана Елбасының тапсырмасына орай студенттерді жатақханамен қамтуға бағытталған «Студенттік баспана» мемлекеттік бағдарламасының аясында салынды. Заман талаптарына сай салынған жатақхана жаңа жиһаздармен толық жабдықталған, инфрақұрылымдық мүмкіндігі де жоғары. Бірінші қабатында қыздарға арналған медициналық орталық орналасқан. Сонымен қатар қыздардың сән салоны, жаттығуға арналған фитнес залы, компьютер, демалыс бөлмелері жұмыс істейді. Әр қабатта кір жуатын бөлмелер, керек-жарақтармен жабдықталған асүйлер бар. Заманауи телекоммуникациялық желі, Wi-Fi сымсыз желілері тартылған. Бір сөзбен айтқанда, жаңа студенттер үйінде бойжеткендердің бос уақытты ұтымды өткізулеріне барлық жағдай ойластырылған. Қыздар университетінде еліміздің барлық алыс аймақтарынан келетін студент-қыздардың көп келіп оқитынын ескерсек, бұл мемлекеттің ұлт тәрбиешілеріне деген қамқорлығы екені анық.
Мәселен, жүзу бассейні жастардың денсаулығын жақсарту мақсатын көздейтін «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында бой көтерді. Себебі еліміз үшін дені сау, рухы таза ұрпақ өсіріп тәрбиелеу ең маңызды да негізгі мәселе. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында «Салауатты өмір салтын қалыптастыру – ұлт денсаулығының кілті болып табылады. Біз балаларымыздың денсаулығын қамтамасыз етуге жаңа тәсілдер енгізу мәселесімен жұмыс жүргізуіміз қажет, жастар денсаулығына мән беруіміз керек» деген болатын. Осы орайда, пайдалануға берілетін жүзу бассейні спортпен айналысуға, дені сау ұрпақ қалыптастыруға, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына өз ықпалын тигізері сөзсіз.
Үшінші нысан – «Ақ шатыр» жазғы ойын-сауық алаңы. Бұл елордада орналасқан «Хан Шатыры» іспетті салынған. Кең де әсем әрі ұлттық нақышта тұрғызылған алаңның ішкі сәулеті қазақ үй сияқты әспеттеліп, төбесіндегі шаңыраққа айнала уықтар қойылған.
Салтанатты рәсімнен кейін Аслан Бәкенұлы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Серік Пірәлиев пен Алматы қалалық Жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқарманың басшысы міндетін атқарушы Нұрлан Сыдықов бастаған қонақтар Қыздар университеті өнерпаздарының салтанатты концертін тамашалады.
Пікір қалдыру