Депутат халыққа қаңтар оқиғасы туралы шындықты айту, шетел асқан ақшаны қайтару жайын көтерді

/image/2022/03/14/crop-83_8_376x668_photo1647254725.jpeg

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Қаңтардағы мемлекеттік төңкеріс әрекетін ұйымдастырушылар түгел анықталып, тегіс жауапқа тартылуға тиіс екенін айтты.

"Мәселе Мәсімовпен ғана біте қалмайтынын, мәнісі тым тереңде жатқанын  елдің бәрі жақсы біліп отыр! Сондықтан барлық шындық ашық айтылғанда ғана ел билікке сенеді. Әйтпесе, сенімге селкеу түсіп, саяси ереуіл жалғаса береді. Қаңтар қасіреті қайталанбауы үшін күштік құрылымдарды, ең алдымен Ұлттық қауіпсіздік комитетін тазалау қажет. Қорғаныс министрлігі  атына сай болуы тиіс. Сыналап сырттан келген, барлық дайындықтан өткен қаптаған лаңкестер мен содырлар елімізге қалай кірген? Елімізде мемлекетке қарсы төңкеріс ұйымдастырылуына біздің арнаулы органдар неге жол берген? Құзырлы органдарды ел басына күн туғанда сатып кеткендерден түгел тазарту керек! Жаңа басшыларына Президент пен парламент алдында Ант қабылдату керек! Мемлекеттік тілде ғана жазылуы тиіс  Антты түсініп, түйсіне алатындарды ғана басшылыққа тағайындау керек! Өйткені, Тілін қорғай алмағандар Елін де қорғай алмайды!" деген ол діни радикализмге заңмен тыйым салатын кез жетті деп санайды.

Сондай-ақ ол үкімет жұмысын сынап өтті. 
 
"Жаңа Үкіметтің жаңаша жұмысын қашан көреміз?. Ауыл сол баяғы тозып барады. Бір салаға бірнеше басшы болса да, бір-біріне сілтеп, ешкім ешнәрсе шешпейді. Шенеуніктер елмен қалай сөйлесуді білмейді. Үкіметтің әрекетсіздігі сонша, егер барлығын әкімдермен қосып бірер күн басқа жаққа әкетіп қалса да, елде ешнәрсе өзгермейтін жағдайға жеттік. Ендеше олардың не керегі бар?.. Бізге Елдің жағдайын жақсартатын, ХАЛЫҚТЫҢ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕСЕ АЛАТЫН ҰЛТТЫҚ ҮКІМЕТ КЕРЕК!" дейді депутат.

Қазыбек Иса сонымен қатар парламентте “Ақ жол” фракциясы 10 жылдан бері көтеріп келе жатқан шетелдердегі офшорлық аймақтарға кеткен 167 млрд долларды қайтару мәселесі күн тәртібіне қайта шыққанын айтты.

"Президент атап айтып, арнайы тапсырма берді, енді тиісті органдар не қарап, кімді күтіп отырсыздар? Ел жағдайы қиын, ал біз халық қазынасынан ұрланған миллиардтарды қайтара алмай қарап отырмыз?! Негізі, олигархтардан қайыр тілегендей сұрап отырғанша, Менделеев кестесінің бәрі табылатын қазақ жерінің қазба байлығын, кенен кенішін түрлі құйтырқы заңсыз жолдармен қолға түсіріп байығандардан сол байлықтың, кемінде 80 пайызын, ал қазба байлық орындарын түгел қазынаға қайтаруды қатаң талап ету керек! Өйткені, ол қазба байлықтар олардың да, ешкімнің де ата-бабасынан қалған мұра емес, Құдай берген қалың Қазақтың байлығы" дейді ол.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар