Бүгінгі Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар 35 заң жобасын қарайтын болады. Отырыс барысында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ауыл шаруашылығы кооперациясы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу" туралы заң жобасы жайында баяндама жасап, депутаттар сауалдарына жауап берді. Бұл туралы Қамшы порталы Baq.kz –ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Құжат ауыл шаруашылығы кооперативтерінің барлық түрлерін (ауылдық тұтыну кооперативтері, су пайдаланушылардың ауылдық тұтыну кооперативтері, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері, ауыл шаруашылығы серіктестіктері) өндірістік кооперативтің ұйымдастыру-құқық нысанындағы коммерциялық заңды тұлғалар ретінде айқындау көзделіп отырғандығын атап өткен министр, шаруалардың мемлекет қолдауын көруі үшін әлі де болса біріге түсу керектігін атап өтті.
- Егер еліміздің шаруалары әлі де біріге түссе, мемлекет тарапынан ұсынылатын субсидияға қолжетімділік арта түсетін болады. Сонымен қатар, бұл заң мемлекеттік қолдау шараларын күшейту және фермерлердің кооперациясы процесін ынталандыру, сондай-ақ, бірігудің осындай нысанының тартымдылығын арттыру ретінде ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қызметін, қызмет түрлерінің айқындалған тізбесі бойынша арнаулы салық режимі шеңберінде жүзеге асыруды ұсынады, - деді Асылжан Сарыбайұлы.
Заң жобасын отырысқа қатысқан 103 депутат бірауыздан мақұлдады.
Пікір қалдыру