Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды. Бұл туралы Қамшы порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Құжат ҚР Президенті Н. Назарбаевтың бес институционалдық реформасын, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында жүктеген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген.
«Тәуелсіз мемлекеттің негізгі атрибуттарының бірі - Мемлекеттік рәміздер. Елдің мемлекеттік Туы, Елтаңбасы мен Гимні тәуелсіздік пен патриотизм идеясын қамтиды. Осыған байланысты, мемлекеттік рәміздерді пайдалану мәселелері патриоттық тәрбие мен қазақстандық біртектілікті нығайту жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Қарастырылып отырған заң жобасында мемлекеттік рәміздерді патриоттық тәрбилеу жүйесінің маңызды элементі ретінде заңды және жеке тұлғалардың пайдалану практикасын нақты регламенттейтін әрі кеңейтетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мұнда мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібін кеңейту, насихаттау және оларды қолдану жөніндегі үкіметтік және өкілетті органның құзырын нақтылау, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнін атап өтудің ережесін әзірлеу, мемлекеттік рәміздер және геральдикалық белгілер мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес құру мәселелері қарастырылған», - дейді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов.
Оның сөзіне қарағанда, заң жобасымен мемлекеттік рәміздерді қолдану тәжірибесін кеңейту мақсатында мемлекеттік заңды тұлғаларға арналған, сондай-ақ ұлттық компаниялардың, холдингтердің және жалғыз акционер болып табылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің мемлекеттік символикаларға қатысты экспозициясы үшін орын бөлу қарастырылған. Бұдан бөлек, Қазақстан аумағында қызметін жүзеге асыратын шетелдік ұйымдардың туларын Қазақстанның мемлекеттік туымен бірге орналастыру нормалары да қамтылып отыр.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Сенаттың талқылауына шығарылады.
Пікір қалдыру