“Бірлікке шақыру популизм емес, қажеттілік”. Аманаттықтар митингте не айтты?

/image/2022/03/19/crop-18_139_694x1233_104763a7-4504-4961-b693-9f0f33407782.jpeg

Алматыда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында айтылған саяси реформалар бағдарламасын қолдау мақсатында «AMANAT» партиясы қалалық филиалының ұйымдастыруымен митинг өтті.

Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда өткен бейбіт шеруге көптеген саланың өкілдері қатысты. Олардың ішінде партия және қоғам белсенділерінен бөлек, мәжіліс депутаттары, кәсіпкерлер, ғылым мен мәдениет саласының өкілдері, спортшылар, жастар және қала тұрғындары бар.

Митингке қатысушылар саяси жүйені кешенді жаңғырту бағдарламасын қолдайтындарын білдіріп, арнайы транспаранттармен келді.

Жиналғандар алдында сөз сөйлеген «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов жаңа сын-қатерлер жағдайында бірігіп, тәуелсіздігімізді қорғау, ата-баба аманатын кейінгі ұрпаққа тұтас жеткізу басты парыз екенін алға тартты.

– Біздің бағытымыз – айқын, мақсатымыз – ортақ. Біз – көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз! Басқа партиялар билікке жетуді көздесе, біз ең әуелі тәуелсіз Қазақстанның мүддесі үшін жұмыс істейміз! Ардақты ағайын, Абай атамыздан қалған аманат сөз бар: «Біріңді қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос». Сондықтан, күшіміздің бірлікте екенін көрсетіп, Жаңа Қазақстанды бірге құрайық! Біз біргеміз!, – деді Асхат Оралов.

Фото: “Amanat” партиясының баспасөз қызметі

Бейбіт митингке қатысқан ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов бабаларымыз бірліктің құдіретін, оны сақтаудың шартын осыдан мың жыл бұрын тасқа жазып кеткенін айтты.

– Күлтегіннің тасында былай дейді: «Бектері, халқы түзу, адал болмағандықтан, табғач халқының алдауына сенгендіктен, арбауына көнгендігінен, бектері мен халықтың ымырасыздығынан түрік халқы елдігінен, елінен айырылды». Елдігі деген мемлекеттігі деген сөз. Ал енді осындай аманат қалдырған бабалардың дәстүрін жалғастырған Абай, «бірлік малға сатылса, ол антұрғанның басы» дейді. Кешегі қаңтар қасіреті – сол малға, ақшаға сатылғандардың ісі. Ондайларға Қазақстан, қазақтың жері, тілі керек емес. Олардың көздегені тек мал, ақша, байлық қана. Ал біздің азаттығымыз әлемнің байлығынан да қымбат, – деген ғалым қаңтар оқиғасынан сабақ алып, Қазақстанның әрбір азаматын өте сақ, белсенді, ыждақатты жұмыс істеуге үндеді.

– Кешегі президентіміздің жолдауы – бұл Жаңа Қазақстанды құрудың бағдарламасы. Мұндағы бастамалар, әсіресе, саяси реформалар қалың қазақты, қарапайым халықты билікке тартуға, оларды белсенді қоғам құрушыға айналдыруға бағытталған. Халық жұмылмай, Қазақстан жаңа бола алмайды. Халық қолдамай, бірде-бір басшының жоспары жүзеге аспайды. Әрдайым сақ болып, алдағы ісімізді жасампаздықпен сапалы атқарайық, – деді Ханкелді Әбжанов.

– Менің ұлтым – украин, бірақ жүрегім қазақ деп соғады! Себебі, мен осы елде туып-өстім, білім алдым, достарымның барлығы дерлік қазақтар, – деген Қазақстан-Ресей медициналық университетінің 2-курс студенті Ариана Белобжицкая жастарды ең алдымен мемлекет мүддесі үшін қызмет етуге шақырды.

Өз кезегінде, мәжіліс депутаты Ерлан Саиров еліміздегі саяси реформалардың өзектілігі мен маңыздылығына тоқталды.

– Әрбір қазақстандық дауыс беру және сайлану құқығын қолдана алуы тиіс. Демократияға, пікірлер плюрализміне балама жоқ. Бұл бүгінде бірден-бір саяси прогресс және ұлттық түлеу жолы, – деді ол.

«Қазіргі таңда бірлікке шақыру популизм емес, қажеттілік». Бұл – митингте сөз алған депутат Айдос Сарымның пікірі. Мәжілісмен барлық қоғамдық-саяси күштерді әріптестікке, бірге жұмыс істеуге, жаңа Қазақстанды бірге құруға үндеді.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Максим Рожин қазіргі таңда қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе, жастардың саны арта түскенін зор мақтанышпен жеткізді.

– Менің туған елім – Қазақстан. Мен, тәуелсіз елімізді өркендету жолында партияластармен бірге үлес қосуға қашан да дайынмын. Біздің басты құндылығымыз – бірлігіміз. Сондықтан бәріміз бірге елімізді, жерімізді, тілімізді, ділімізді, ұлттық құндылықтарымызды сақтау үшін аянып қалмайық, – деді ол.

Ал мәжіліс депутаты Саясат Нұрбек депутат ретінде өзіне қария кісінің бүгін ғана айтқан бес аманатын жеткізді. Олар: мемлекет, президент, ел мен жер, партия және жастар. Ол мемлекетімізді, президентімізді, еліміз бен жерімізді сақтап, жастарымызды жақсы істерге жұмылдыру, осы бағыттағы мемлекет басшысының реформаларын жүзеге асыруға дайын болуға шақырды.

Сондай-ақ, митингте мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан, Динара Зәкиева, қалалық мәслихат хатшысы Станислав Канкуров, журналист Сергей Пономарев, кәсіпкер Ларион Лян, көпбалалы ана Сана Жандай, әнші Ибрагим Ескендір және басқалар сөз сөйледі.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар