«Қанатты арыстан» орденімен марапатталған, Гиннестің рекордтар кітабына енген гір көтеруші Қармақшыда тұрады

/uploads/thumbnail/20170708195730709_small.jpg

Серік Қожанұлы Құлмырзаев - жақында БҰҰ және ЮНЕСКО жанындағы Адам құқығы халықаралық федерациясы мен ғылыми институттары Еуропалық қауымдастығының және халықаралық аттестациялық Кеңесінің халықаралық "Қанатты арыстан" орденімен марапатталды. Бұл туралы Қамшы порталы ҚазАқпартқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Сонымен қатар, гір тасын көтеру спортының шебері атағына ие болды.  Бұл туралы Қармақшы аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Еске сала кетсек, 2014 жылы тамыздың 13 мен 16-сы күндері Беларусь мемлекетінің Витебск қаласында гір тасын көтеруден екінші Дүниежүзілік Олимпиада, Беларусь мемлекетінің тәуелсіздік күніне арналған халықаралық турнир және ардагерлер арасында гір көтеруден әлем чемпионаты қатар өткен болатын.   Дүбірлі додаға Қазақстан атынан сегіз спортшы қатысты. Солардың бірі-   63 жастағы ардагер спортшы Құлмырзаев Серік Қожанұлы. Ол 16 келілік гір тасын 2 минутта жұлқа 78 рет, серпе  94 рет көтерді. Сондай-ақ,  16 келілік гір тасын 3 минутта 75 рет жұлқа көтеріп, ардагер спортшы қарсыластарын артта қалдырды. Осындай жетістігінің арқасында Қазақстан атынан шыққан спортшы топтық нормативтік жаттығуларда үздік нәтиже көрсеткені үшін Гиннестің рекордтар кітабында тіркелген көрсеткішті  жаңартты.

«310 спартандықтар» жобасы бойынша Гиннесс кітабына ену үшін 400- дей спортшы жарты сағат бойы гір  жаттығуларын жасаған. Осылайша жаппай жаттығу орындау барысында қармақшылық спортшының есімі Гиннестің рекордтар кітабына жазылды. Жаңа рекорд жасауға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Польша, Германия, Латвия және Литваның спортшылары үміткер болды. Жалпы бұл сайыстарға  34 мемлекеттен 400 ге жуық спортшы қатысқан. Ең жасы- 4 жасар ресейлік балғын болса, Латвиядан 90 жастағы қария өз өнерлерін ортаға салды. Спортшылардың барлығы дерлік гір тасын жұлқа және серпе көтеруден сайысты. Серік Құлмырзаев 60-64 жас аралығындағы ардагерлер арасында 90 келіге дейінгі салмақта бақ сынады. Мемлекеттік қызметші 2014 жылы 8 тамызда зейнеткерлікке шыққан бойда жарысқа аттанып,олжалы оралды. Бір қызығы, сала ардагері спорт залда емес көкалда, табиғат аясында шынығады. Жас кезінен еркін күрес, самбо, дзюдомен айналысқан Серік Құлмырзаев спорт шеберіне кандидат. Атасы секілді спортпен шұғылданатын немерелері бар. Олар да республикалық, облыстық жарыстарда жүлделі орын алып жүр.

Айта кетейік, 2013 жылы С.Құлмырзаев  төрт дүркін Әлем біріншілігінің, Еуропа, Азия, Еуразия, Белорусь және Ресей чемпионаттарының, Ф.Ушаков пен М.Ломоносов атындағы халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанып 11 алтын медальдың иегері болды.

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар