Австрия канцлері: Путинмен келіссөз сенім ұялатпады, Кремль кезекті шабуылға дайындалып жатыр

/image/2022/04/12/crop-4_0_401x730_screen-shot-2022-04-12-at-2.28.05-pm.png

Австрия канцлері Карл Нехаммер Украинадағы соғыс басталғалы бері Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен бірінші Еуроодақ басшысы болды. ВВС Нехаммер Путиннің Мәскеудегі резиденциясында өткен келіссөздерді "тік, ашық және қатал форматта өтті" деп сипаттағанын хабарлады.

Табиғи газдың 80 пайызын Ресейден алатын бейтарап Австрия, әдетте, Еуропалық одақтың өзге мүшелеріне қарағанда Мәскеумен тығыз байланыста.
 
"Мен Путинге соғыс аяқталуы керек деген ең маңызды месседжді жеткізгім келді. Өйткені соғыста жеңгендер болмайды" дейді Австрия канцлері мәлімдемесінде.
 
Оның айтуынша, Мәскеуге жасаған сапар достық сапар болмаған.
 
Нехаммер өкілі кездесу 75 минутқа созылғанын, бұл – Путиннің стандарттары бойынша салыстырмалы түрде қысқа екенін айтты.
 
Нехаммер қақтығысты тоқтату немесе гуманитарлық көмектерді жақсарту жолдарын іздестіруде ешбір кедергі қалдырмау үшін Путинмен кездесуді өзінің міндеті деп санайтынын жеткізді.
 
Нехаммердің пікірінше, Путинге оның ұстанымы мен көзқарасы өзге елдермен мүлде сәйкес келмейтінін түсіндіру керек.
 
"(Оған түсіндіру) бір рет аздық етеді. Он рет аздық етеді. Мұны (түсіндіруді) 100 рет жасау керек шығар. Менің ойымша, Украинада бейбітшілік орнап, адамдар қауіпсіз өмір сүруі үшін бәрін жасау керек. Мейлі телефонмен, мейлі бетпе-бет, әйтеуір Путинге соғыс туралы шындықты, Украинада болып жатқан әділетсіздікті айта беру керек. Бұл жерде Путинге Кремль қабырғалары сыртындағы шындық қандай екенін жеткізуде әр үнқату маңызды" дейді ол.
 
Немістің Deutsche Welle басылымы Нехаммер кездесу нәтижесі үміт ұялатпағанын, Ресей Украинаның шығысына жаппай шабуыл жасағалы отырғаны анық екенін мәлім еткенін жазды.
 
Австрия канцлері Путинге Зеленский келіссөз жүргізу үшін өзімен тікелей байланыс орнатуға ниетті екенін жеткізгенін, алайда Путин Стамбул форматындағы келіссөзді құп көретінін білдіргенін атап өтті.
 
Ресей тарапы келіссөз барысы туралы ақпарат таратпады.
Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар