Шетелдік журналистер Алматыға туристер тартатын болады

/uploads/thumbnail/20170708195741819_small.jpg

Бүгін Алматыда Дүниежүзілік туризм күніне арналған ақпараттық тур аяқталды. Осы шара аясында Гонконг, Германия, Канада, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания және басқа да елдерден келген журналистер мен блогерлер Алматыда бір апта болып, қаланың туристік әлеуетімен танысты. Бұл туралы Қамшы порталы Информ.кз-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.

«Мен Қазақстанға және Алматы қаласына бірінші рет келіп отырмын. Мені әсіресе таулардың әсем көрінісі мен қала орталығынан тау бөктерлеріне 15 минутта жетуге болатындығы таң қалдырды. Бізде, Бавария жерінде де әдемі таулар баршылық. Бірақ ол жақта тау басына шыққаныңмен жалғыз қала алмайсың. Әйтеуір қасыңнан кем дегенде 50 адам табыла кетеді. Ал мұнда оңаша қалып, өзіңді еркін сезіне аласың. Мен мұны еуропалықтарға жеткізуге тырысамын. Ол жақта хайкинг (жаяу туризм) өте танымал. Бірақ, еуропалықтар Қазақстанның табиғаты осындай керемет екендігін, мұнда жаяу туризмге барлық жағдай жасалғандығын біле бермейді», - деді  «Monkeys and mountains»  деп аталатын танымал сайттың блогері Лаурель Роббинс.

Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырған аталмыш турдың міндеті - қаланың туристік тартымдылығын халықаралық деңгейде арттыра түсу. Сондықтан шетелдік қонақтар бір апта бойы негізінен қала іргесінде болды - Алматының музейлерін, көрікті жерлерін аралады, ұлттық тағамдардан дәм татты және тауға серуенге шықты.

«Мені жергілікті халықтың ешқандай жасандылығы жоқ шынайы қонақжайлығы тәнті етті. Барлығы көмектесуге әзір тұрады. Алматыда неше түрлі елдің ұлттық тағамдары бар екен. Бірақ, қазақтың ұлттық тағамдарының орны ерекше. Ал, Алматы - замануи қала. Жергілікті тұрғындар көлік кептелістеріне үйреніп кеткен секілді. Анау айтқандай әбігерлік байқалмайды», - деді қытайлық «International link»  журналының өкілі Франк Лок.

Орталық Азияны Ұлыбританияға таныту агенттігінің менеджері Анна Ларидің айтуынша, оны Алматы қаласы мәдениетінің әр түрлілігі таң қалдырған. Мұнда адамдар арасында ерекше сыйластық қалыптасқан.

«Біз көп ұзамай «Алматы туралы 100 әсер» деп аталатын көрнекі оқу құралын шығарамыз. Онда Алматы туралы көп ақпарат болады», - деді ол.

Жалпы, турға қатысушылар Алматыда жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіздік, тазалық және басқа да қажетті жағдайлар жоғары деңгейде екендігін айта келе, қала әкімдігінің ауаның ластануын азайту және қоғамдық көлік жүйесін жақсартуға бағытталған жұмыстарды одан әрі жалғастыратындығына үміттенетіндіктерін білдірді.

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар