Қазақстанда жыл сайынғы республикалық инновациялық бизнес-жобалар байқауы басталды. Бұл жайында бүгін ОКҚ брифингінде ҚР ИДМ Технологиялық және инновациялық даму департаментінің директоры Азамат Батырқожа мәлімдеді. Бұл туралы Қамшы порталы Baq.kz –ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
"Республикалық инновациялық байқаудың негізгі мақсаты - инновациялық жүйенің барлық субъектілерін: оқушылардан бастап ірі кәсіпорындарға дейін қамту. Жоба Ұлыбритания мен Қазақстан үкіметтерінің «Ньютон - Әл-Фараби» атты серіктес бағдарламасы шегінде жүзеге асатын болады. Бұл бағдарламаның мақсаты - ғылым мен инновациялар саласында екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту арқылы Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуына қолғабыс ету. Байқау мынадай номинациялар бойынша өткізіледі: «Оқушылар арасындағы үздік инновациялық жоба», «Үздік жас ғалым», "Жылдың үздік өнертапқыш шешімі", "Кәсіпорында өнертапқыштықты қолдаудың үздік жүйесі", "Инновациялық тақырыптағы үздік тілші материалы" сонымен қатар, журналистер үшін тренингтер өтетін болады, олардың нәтижелері бойынша үздік материалдардың, сюжеттер мен радио бағдарламаларының авторлары анықталады.Оқушылар арасындағы үздік инновациялық жобаның негізігі мақсаты - балалардың инновацияларға деген қызығушылығын ынталандыру, өнертапқыштар ұрпағын өсіруге ықпал ету. Ал, «Ең үздік жас ғалым» номинациясы ғалымдарды өз әзірлемелерін өндіріске ендіруге, нарыққа шығаруға, өнертабыстарын ендіретін өнертапқыштарды ынталандыруға арналған" деді ол өз сөзінде.
Номинация бүкіл әлемге аты әйгілі FameLab конкурсының форматымен өтпек. Оның тұжырымдамасына сәйкес, қатысушылар әділ қазылар алқасы мен көпшілік алдында өздерінің күрделі жобаларын қарапайым түсінікті сөзбен таныстыруы тиіс.
"Номинация жеңімпазы Лондондағы FameLab конкурсының гранд-финалында еліміздің намысын қорғауға баратын болады. "Үздік жас ғалым" номинациясының жеңімпазы 7 500 000 теңгені құрайтын бас жүлдеге ие болмақ. Конкурс жүлдегерлері (2 және 3 орын) сәйкесінше 2 500 000 және 1 500 000 теңгені алады. Сонымен қатар, алғашқы үш орынға ие болған қатысушылар Ұлыбританиядағы EducationTour сапарына аттанады. Осы сапар аясында балалар Лондондағы мұражайға, Роял Гринвич обсерваториясына, Кембридждің ғылыми фестиваліне, FireTech балалар ғылыми лагері тәрізді орындар мен шараларға қатысатын болады", деді А.Батырқожа.
Айта кетейік, байқауға қатысу үшін өтінімдерді қабылдау 2015 жылғы 28 қыркүйектен 25 қазанға дейін созылады. Байқаудың финалы Астана қаласында 11 қарашада өтеді. Жүлдегерлер мен жеңімпаз үшін Ролс-Ройз зауыты, JLR (Лэнд Ровер және т.б.) зауыты, British Aerospace зауыты, Westland Aircraft мен Catapult Centres сияқты Ұлыбританияның алдыңғы қатарлы технологиялық компанияларына баруды ұйымдастыру көзделуде.
Пікір қалдыру