Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы өзіне қатысты негізсіз тексеру жүріп жатқанын мәлімдеп, президентке үндеу жолдады.
Арыстанбек Мұхамедиұлы қай салада жұмыс жасаса да әуелі ұлт мүддесі үшін тер төккенін, мемлекет бюджетіне қол салғандарға аяусыз тосқауыл жасағанынан өзіне жау тауып алғанын, солар аяқтан шалуға тырысып жатқанын айтады.
Сөзінше, сондай "жаулардың" біразы "Феникс" фильмі төңірегіндегі даудан кейін пайда болған.
"Осыдан бірнеше жыл бұрын "Феникс" көркемфильмінің түсірілімдеріне бөлінген қаражаттың жымқырылғаны белгілі. Нақтылап айтқанда, "Феникс" киножобасы бойынша бюджет қаржысын жымқырды деген күдік келтіріліп, кинорежиссер Талғат Жаныбеков қамауға алынды. Оған қазақстандық белгілі актер әрі продюсер Тұңғышбай Жаманқұловтың да тікелей қатысы болатын. "Феникс" фильмінің шарты голливуд компаниясы "Aldamisa Entertainmentпен" жасалынды деген сөз жалған болып шыққан еді. Шын мәнінде, "Казахфильм" АҚ "T.K.TURAN UNIVERSAL BUSSINES" ЖШС-пен және ресейлік ООО "Альдамиса РУС" жасанды компаниясымен келісім жасалып, бюджеттен бөлінген 3 млн доллар қолды болып кете жаздаған. Сол Т. Жаманқұлов өз қорғаушысының көзінше "Феникс" фильмінің өндірісіне бөлінген бюджет қаражатын жымқырғанын толықтай мойындады. Жаманқұлов қаражаттың қолма-қол ақшаға айналдырылған дерегін де растады және бюджет қаражатының жеке мақсаттарға жұмсалғанын айтты. Алайда, аталған өнер өкілдері түрлі айла-шарғыларымен мені қаралауға көшкен болатын. Продюссер Тұңғышбай Жаманқұлов айыбын бетіне басқаным үшін, мені ата жауындай көріп, күні бүгінге дейін жөн-жосықсыз арызданып келеді" дейді ол.
Арыстанбек Мұхамедиұлы "өзінің соңына түсіп алғандардың артында Дариға Назарбаева, Бағлан Майлыбаев, Ермек Аманшаев тұр" деп санайды.
"Әлбетте, қисапсыз тексеру, тергеу амалдары да жүрді. Бірақ, менің ар-ұжданым таза! Жеке басымды қаралаған бірде-бір факт дәлелденбеді. Кейінгі кезде, енді арыз иелері музейде кеткен бұрыңғы кінәраттарды да маған жапсыра салғысы келеді. Осыған орай, негізсіз тексерулерге тосқауыл болуыңызды сұраймын!" дейді Ұлттық музей директоры.
Бүгін журналист Михаил Козачков telegram каналында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ұлттық музейдің шығындарын тексеріп жатқанын, оларды "Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі" көрмесін өткізу кезіндегі шығындар қызықтыратынын жазған. Журналист антикор музей мен Арыстанбек Мұхамедиұлының үйін тінтігенін, Мұхамедиұлы туыстарының активтерін тексеріп жатқанын жазған.
Пікір қалдыру