Журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-каналында Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынғаны туралы ақпарат жариялады.
"Бейсенбі күні ауруханадан шығып, үйге жеткен кезде оны Антикор қызметкерлері алып кетті. Ұлттық музейдің қазіргі басшысы халықаралық көрмелерді өткізуге бөлінген қаржыны жымқырды деген күдікке ілінді", делінген ақпаратта.
Бұған дейін Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты тергеу жүргізіп жатқаны туралы ақпарат шыққан. 1,2 млрд теңгеге жасалған келісімшарттан кінарат таптық деген тергеушілер экс-министрді 146 млн теңгені қалтаға басты деп айыптап отыр. Кейін Арыстанбек Мұхамедиұлы өзіне қол салмақ болып, тамырын кесіпті-мыс деген әңгіме тарады. Бірақ ақпарат расталмаған. Алайда Ұлттық музейдің ресми өкілі Айдар Қырықбай экс-министр жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылғаны туралы мәлімдеме жасаған.
Пікір қалдыру