Қазақстанда электрондық үкімет порталы – eGov арқылы шетелдіктерге ЖСН беру тоқтатылды.
Қазіргі уақытта еGov сайтында аталған қызмет түрі қолжетімсіз. Азаматтарға арналған үкімет корпорациясының баспасөз қызметі қызметтің істен шығуы техникалық себептерге байланысты екенін айтады.
Алайда шетелдіктер ЖСН-ді әлі де Халыққа қызмет көрсету орталығына барып алуына болады.
Ішкі істер министрлігі елге уақытша келген шетелдіктердің жеке сәйкестендіру нөмірін алуына шектеу енгізген жоқ деп хабарлады.
Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері 90 100 шетелдік Қазақстан ЖСН-ін рәсімдеген. Олардың ішінде 35 960 Ресей азаматы және 637 Украина азаматы бар.
Жақында ресейлік эстрада әртісі Лев Лещенко Қазақстан жеке сәйкестендіру нөмірін алғаны әлеуметтік желіде қызу талқыланып, кей қолданушылар Ресей азаматтарына Қазақстан ЖСН-ін оңды-солды таратуды шектеу керектігі жеткізген.
Пікір қалдыру